Фото:atpress.kz
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға тағайындалған жаза өзгертілді. Енді оның 7 жылдық бас бостандығынан айыру жазасы бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жергілікті басылымның мәліметінше, сотталған тұлғаға берілген жазаны өтеуді кейінге қалдыру мерзімі 10 наурызда аяқталған. Осыдан кейін Атырау қаласының №2 соты 16 наурыз күні пробация қызметінің ұсынысын қараған.
Сот барысында Хаменованың осы уақыт ішінде қоғамдық тәртіпті бұзбағаны, әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны және бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындағаны ескерілді. Нәтижесінде сот өтелмеген жаза мерзімін 7 жылға бас бостандығын шектеу түріне ауыстырып, оған пробациялық бақылау белгіледі.
Еске салсақ, 2022 жылғы 15 қарашада сот Бақытгүл Хаменованы Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Сонымен қатар оған мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салынған.
Жазаны өтеу мерзімі оның кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты үш жылға кейінге қалдырылған еді.
Іс материалдарына сәйкес, пара көлемі 4,5 млн теңгені құраған. Қаражат Абай Құнанбаевқа ескерткіш орнату жобасына байланысты алынған. Сот сондай-ақ мүлікті тәркілеу туралы шешім шығарған.
Айта кетейік, Хаменова кінәсін мойындамағанымен, сот үкімі өзгеріссіз қалған.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде оның салтанатты шараға қатысқаны туралы бейне тараған. Бас прокуратура бұл жағдай бойынша заң бұзушылық анықталмағанын және оған пробация қызметі тарапынан рұқсат берілгенін мәлімдеді.
