24 мам, 2023 сағат 12:28

"Киіктің емес, адамның обалына қалатын сияқтымыз" - депутат

Фото: Яков Федоров

Мәжілістегі «Ауыл» фракциясының депутаттары Қазақстандағы киік санын тез арада реттеуді ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni сайты.

Фракция мүшелері Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады.

- Киіктің киесінен қорқып, жануарға жанашырлықпен қарайтын қазақ үшін обал-сауаптың орны ерекше. Алайда бүгінде жағдай мүлде басқаша. Себебі киік санының күрт көбеюі шаруашылыққа жайлы болып тұрған жоқ. Соңғы мәліміттерге сәйкес, киік саны 2 миллионнан асқан. Оның 90%-ы – Қазақстанның батысында.

Салалық министрліктің есебінше, елдегі киіктердің саны 750-770 мыңнан аспауы керек еді. Жайылымдық жерді айтпағанда, шаруалардың егістігін киік таптап өткенде-ақ миллиондаған қаржы желге ұшады.

Мысалы, Қазақстанның солтүстігінде жылына шамамен 150 мың гектар егін алқабы бүлінеді. Орта есеппен 1 гектардан 10 центнер өнім зая кетсе, сол өңірдің шаруалары 14 млрд теңге шығынға ұшырайды, - деді депутат Аян Зейнуллин.

Депутаттың айтуынша, несиесін төлей алмаған шаруалар банкрот болып жатыр.

- Мұндай жағдайда Үкіметтің жайбасарлығы таң қалдырады. Киіктен зардап шегіп отырған 6 облыстың шаруалары қауқарсыз. Тапталған егістіктің өтеуі жоқ. Бұған «еш қатысым жоқ» деп, сырттан бақылап қалай отыра аламыз?

Сондай-ақ түрлі себеппен өліп жатқан киіктер де көп. Ен далада қараусыз тегін жатқан дүниеге ауыл жұртының қызығушылы артатыны – заңдылық. Кәдесіне жаратпаса да, қабырғаны безендірермін деген оймен өліп жатқан киік мүйізін кесіп алғандар сотталып жатыр. Оның ішінде білместік жасаған жасөспірімдер де бар. Бұл жерде заң бұзушыларды жақтап жатқанымыз жоқ. Мәселені осындай деңгейге дейін жеткізбеу керек.

Бұл жерде киіктің емес, адамның обалына қалатын сияқтымыз. Әрине бұл жақсы емес.

Сонымен қатар өліп жатқан киіктер түрлі ауру ошағына айналады. Шаруалардың малы сол жерде жайылатындықтан оларға ауру жұғып, эпизоотиялық ахуал ушығады, - деді депутат.

Аян Зейнуллиннің пікірінше, бүгінде «киікті қорғаймыз ба, әлде киіктен адамды қорғаймыз ба?» деген мәселе өзекті болып тұр.

Тез арада киік популяциясын реттеп, мүмкін оны өндірістік жолға қойып, мүйізін, етін, терісін дұрыс пайдаланып, кәдеге жаратқан дұрыс шығар? Үкімет киік қарғысынан қорқатын болса, шаруалардың шығынын толық өтеп беру механизмін енгізуі керек. Бұл мәселеде нақты шешім керек, - деп түйіндеді сөзін Мәжілістегі «Ауыл» фракциясының мүшесі.

Биыл 15 сәуір мен 5 мамыр аралағында жүргізілген әуе санағының нәтижесі бойынша Қазақстандағы киік саны 597 мың басқа артқан. Өсім – 45,3%. Олардың ішінде айтарлықтай көбейгені – Орал популяциясы (1,13 млн дарақ). Бетпақдала – 745 300, Үстірт киігі – 39 700.

Қазір Қазақстандағы киік саны шамамен 2 миллион басқа жуықтады.