30 шіл, 2021 сағат 16:06

Көбелекпен күрес: Мемлекет шығынның 50 пайызын өтейтін болды


Климаттық жағдайларға байланысты, биыл еліміздің Солтүстік, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында шалғын көбелегінің жаппай көбею қаупі өсіп отыр. Ал мемлекет алдағы болатын көбелекпен күреске кететін шығынның тең жартысын өтеуге дайын, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Ауыл шаруашылығы министрлігі осы зиянды организмнің нақты таралу ареалын анықтау үшін қажетті фитосанитариялық тексерулер жүргізіп, алдын ала дайындықтың қамын жасап отыр.

«Фитосанитариялық тексерулердің нәтижесі бойынша, бүгінгі таңда 306,59 мың га жер зерттелді, жалпы таралу ауданы 16,979 мың га құрайды, оның ішінде Ақтөбе облысында таралу ауданы 2,892 мың га құрайды. Зиянкестің мемлекеттік қордағы жерлердің арам шөптерінде, сондай-ақ дәнді және майлы дақылдар егістіктерінің бойында таралуы байқалады», -  деді министрдің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев.

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы арнайы тапсырма алып, Ақтөбе облысына шалғын көбелегіне қарсы күрес және қорғау шараларын жүргізу бойынша, жұмыстарды ұйымдастыру және қажетті басқарушылық шешімдер қабылдау үшін келді.

«Өзіме жүктелген жауапкершіліктің салмақты екенін сезінемін. Шаруаларымыз зиянкестерден зардап шегу қаупі туындап отырғанда бізге шұғыл шешімдер қабылдап, шаруаларға қолдау беру керек деп есептейміз. Сондықтан да мен бұл өңірге Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасы бойынша келіп отырмын. Ақтөбе облысына шалғын көбелегіне қарсы күрес және қорғау шараларын жүргізетін боламыз», - деді Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы А. Марс.

Айта кету керек, АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен бизнес өкілдерінің бастамаларына сәйкес, 2020 жылдан бастап шалғын көбелегіне қарсы қорғау шараларын жүргізу жөніндегі жауапкершілік пестицидтер құнының шығындарын 50% - ға дейін өтеу үшін субсидиялар бере отырып, жергілікті атқарушы органдардың құзыретінен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің құзіреттеріне берілген.

Белгілі болғанындай, биыл пестицидтерді субсидиялауға жалпы 32,3 млрд.теңге, оның ішінде Ақтөбе облысына 545,8 млн. теңге бөлінген.

Облыстық әкімдіктің хабарлауынша, техникалық қайта жарақтандыру бойынша инвестициялық субсидиялар беру аясында шаруа және фермерлік қожалықтарға өсімдіктерді қорғау құралдарын енгізу бойынша бүріккіштерді арзандату үшін өздігінен жүретін бүрку техникасы құнының 50% - ына дейін субсидиялау көзделген.

«Сонымен қатар, тракторлардың құнын арзандатылатын болады, отандық өндіріс тракторлары бойынша құнының 30% - ына дейін, импорттық өндіріс үшін 25% - ына дейін субсидиялау көзделген. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысының әкімдігімен 2,2 мың га алаңда химиялық өңдеу жүргізуге қаржы бөлінген», - деп хабарлады Ақтөбе облысының әкімдігі.

Айта кетейік, Қорғау іс – шараларын жүргізу тиімділігі жоғары бүріккіш техника-газ генераторларын пайдалану арқылы жүзеге асырылады.

Естеріңізге сала кетейік, Климаттық жағдайларға байланысты, биыл еліміздің Солтүстік, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында шалғын көбелегінің жаппай көбею қаупі өсіп отыр. Ал мемлекет алдағы болатын көбелекпен күреске кететін шығынның тең жартысын өтеуге дайын. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы зиянды организмнің нақты таралу ареалын анықтау үшін қажетті фитосанитариялық тексерулер жүргізіп, алдын ала дайындықтың қамын жасап отыр. Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда 306,59 мың га жер зерттелді, жалпы таралу ауданы 16,979 мың га құрайды, оның ішінде Ақтөбе облысында таралу ауданы 2,892 мың га құрайды. Зиянкестің мемлекеттік қордағы жерлердің арам шөптерінде, сондай-ақ дәнді және майлы дақылдар егістіктерінің бойында таралуы байқалады.