07 шіл, 2021 сағат 11:45

Қорғаныс министрі бірнеше әскери қызмет түрлерінің мамандарын құттықтады


ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев бірнеше әскери қызмет түрлерінің мамандарын төл мерекелерімен құттықтады. Атап айтқанда, шілде айының алғашқы күндері Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлері, Қазақстанның Әскери-әуе күштері құрылған күні мен десанттық-шабуылдау әскерлерінің төл мерекелері аталып өтті, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Әр әскери бөлімнің өз міндеттері мен ерекшеліктері бар екені даусыз. Мәселен, Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің негізгі мақсаты – жаппай қырып-жоятын қарудан қорғаy және оны қолдану салдарын жою болып табылады. Бұл саланың әскери қызметшілері бейбіт уақытта сонымен қатар соғыс уақытында міндеттерді шешуге қабілетті әмбебап мамандар екенін бейбіт күннің шуағында біліп, байқап отырмыз.

Өздеріңіз білетіндей, бұл әскери мамандар миллиондаған адамның өмірі мен денсаулығын қорғайды. Олар қауіпті өнеркәсіп кәсіпорындарында болған авария мен апат салдарын жою міндеттерін орындауға әрқашан дайын.

Осы орайда Қорғаныс министрі Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің күнімен құттықтап, бейбіт уақытпен қатар соғыс уақытында да қойылған міндетті абыроймен орындағанын, сонымен қатар,  COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай кезінде ерекше көзге түскенін атап өтті.

«Төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге қатысу барынша күш-жігерді және қолда бар барлық ресурсты жұмылдыруды талап еткен нағыз сынақ кезеңі болды. Аталған саланың әскери мамандарына Қарулы Күштерде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ табиғат қорғау заңнамасы нормаларының сақталуын бақылау бойынша міндеттер де жүктелген.Әрқашан жауапты әрі сын сағатта жоғары кәсіби шеберлік, батылдық, ерлік пен жанқиярлық таныта білгендеріңіз үшін алғыс білдіреміз», - деді Нұрлан Ермекбаев.

Министр айтқандай, Пандемияға қарсы күрес тәжірибесі көрсеткендей, қазіргі эпидемиологиялық жағдайда РХБҚ әскерлерінің алатын орны ерекше. Бір ғана мысал, ел үшін қиын кезеңде әскери қызметшілер халыққа көмекке келіп, инфекцияға қарсы күреске үш мыңнан астам әскери қызметші мен 100-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды. Әлеуметтік маңызды объектілердің 60 млн. шаршы метрден астам ауданы, 4 мың шақырымнан астам жол өңделді.

Сонымен қатар, төл мерекесін атап өткен әскерилердің келесісі – Көк қырандары – Қазақстанның Әскери-әуе күштері.

Бүгінгі таңда Әскери-әуе күштері соңғы үлгідегі ұшу аппараттарымен, оның ішінде көпфункционалды Су-30СМ жойғыштарымен, Ми-35М соққы беретін тікұшақтарымен жасақталып, жаңғыртылған L-39 жауынгерлік оқу-жаттығу ұшақтарымен және Су-27 жойғыштарымен толыққан.  Әскери әуе күштерінің әскери ұшқыштары халықаралық, түраралық оқу-жаттығуларға, Армиялық халықаралық ойындарға қатысумен мол тәжірибе жинады. Осы тәжірибе ұдайы талдана отырып, жеке құрамның жауынгерлік даярлық жүйесін жетілдіруге бағытталған жауынгерлік даярлық курстары мен бағдарламаларын түзету, әдістемелік нұсқауларды әзірлеу кезінде қолданылады.

Көк қырандарын төл мерекесімен құттықтаған ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қазіргі таңда авиация Әуе қорғанысы күштерінің негізгі маневр жасайтын әскер тегі болып табылатыны атап өтті.

«Әуе қорғаныс күштері еліміз үшін маңызды шептерді, аудандар мен объектілерді қарсыластың әуеден жасайтын соққысынан сенімді қорғап, объектілерді жан-жақты дәлме-дәл зақымдауға қабілетті. Осы орайда, офицер мырзалар, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен сарбаздар мен, ардагерлерді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Ашық аспан және ел  игілігі жолындағы қызметте толағай табыс тілеймін!», - деді министр.

Сонымен қатар, шілде айында Қазақстанның Десанттық-шабуылдау әскерлері құрылған. Сәйкесінше, аталған әскери мамандардың да кәсіби мерекесі ескерусіз қалдырылған жоқ. Айта кетейік, қазіргі десанттық-шабуылдау әскерлері – бұл ұтқырлығы жоғары және соңғы үлгідегі техникамен жарақталған, жауынгерлік ретте де, негізгі күштерден алыста да, оның ішінде қарсылас тылында да міндеттерді орындауға қабілетті әскер тегі екені белгілі.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев бірнеше әскери қызмет түрлерінің мамандарын төл мерекелерімен құттықтады. Атап айтқанда, шілде айының алғашқы күндері Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлері, Қазақстанның Әскери-әуе күштері құрылған күні мен десанттық-шабуылдау әскерлерінің төл мерекелері аталып өтті. Ал ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев аталған саланың мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтаған болатын.