09 шіл, 2021 сағат 16:59

Қорғаныс вице-министрі Ауғанстандағы жағдайға пікір білдірді




Қорғаныс вице-министрі Тимур Дәндібаевтың пікірі бойынша, Қазақстан Орталық Азия елдеріне әскери контингентін жіберуге дайын. Ол бұл туралы бүгін журналистерге баяндап, Қазақстан Ауғанстанмен шекарадағы жағдайды реттеуге қатысты жоспарларымен бөлісті, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бір мүшесі штабқа көмек көрсету жөнінде өтініш түсіруі  және парламент және Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі деңгейінде ортақ шешім қабылдануы сияқты бірнеше шарт қою арқылы, Орталық Азия елдеріне әскери контингентін жіберуге дайын болып отыр.

Дәндібаевтың айтуынша, Қорғаныс министрлігі Ауғанстан төңірегіндегі жағдайды жіті қадағалап отыр.

«Ауғанстандағы жағдайға байланысты айтарым... шетелдік әріптестердің қорғаныс ведомстволары мен аймақтық ұйымдармен де өзара әрекет ету мәселесін қарастырып жатыр. Сол себепті бұл бағытта нақты бірдеңе деп айту қиын. Жағдайды бақылап отырмыз, сәйкесінше шаралар қабылдаймыз», – деді Дәндібаев.

Өздеріңіз білетіндей, АҚШ және НАТО Ауғанстаннан әскерін шығара бастаған тұста «Талибан» экстремистік тобы шабуылды күшейтіп отыр. Соңғы ақпаратқа қарағанда, тәліптер Түркіменстан және Иранмен шекараға жақын тағы екі қаланы басып алған. Алайда қазақстандық жас саясаттанушы Асхат Хасенғали қаланы басып алды деген ақпарат негізсіз екенін айтады.

«Талибан Ауғанстанның Қандағар қаласына шабуыл жасап жатыр. Қаланы басып алды деген ақпарат негізсіз, бірақ шабуылдың болып жатқаны анық.

Қандағар Ауғанстанның екінші ірі қаласы. Халық саны 1 млн шамасында. Ауғанстанның арнайы жасақтары да қалада бар. Жеткілікті. Қазір қиян-кескі шайқас болып жатыр. Содырлар екі бағытта шабуыл жасап, қаланың шеткі ауылдарына кіріп кеткені айтылуда. Мына қарқынмен осы айда қаланы алады. 2001 жылға дейін тәліптердің бас штабы осы қалада болған, кейін оны Батыстық күштер басып алды», - деді саясаттанушы Асхат Хасенғали.

Саясаттанушы Қандағардан кейін Кабул екенін болжап, 31-тамызға дейін АҚШ әскері Ауғанстаннан толық кететінін айтып отыр. Естеріңізде болса, бүгін бұл туралы АҚШ Президенті Байден де айтқан болатын.

Ал Батыс елдерінің коалициясы қыркүйектің ортасына дейін әскерін толық әкетуді жоспарласа, Ауғанстанда радикалды діни топтардың күшеюі көрші Орталық Азия елдерін алаңдатып отыр.

Тәжік билігінің айтуынша, қазір Ауғанстанмен шекарадағы ортақ сызықтың үштен екісі радикалды діни топқа қарайды. Оның жалпы ұзындығы – 1350 шақырым.

«Билік халықтық жасақтар құруды жылдамдатуда. Өйткені Талибан елдің үштен бір бөлігін өзіне қаратып үлгерді. Мұны көрген әйелдер өзара бірігіп, «әйелдер жасағын» құрып жатыр. Олар Талибан жаулап алғанда «әйел құқығы» деген сөз мәңгілікке өшетінін жақсы біледі», - дейді саясаттанушы.

Ал Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Ауғаныстандағы елшілік пен қандастардың жағдайы бақылауда екенін айтып сендіріп отыр. Кейіннен Қазақстанның Ауғанстандағы елшілгі қорғауға алынып, ондағы мемлекеттік қызметкерлерге ешқандай қауіп жоқ екені хабарланды.

Естеріңізге сала кетейік, Бүгін Қорғаныс вице-министрі Тимур Дәндібаев журналистерге арналған баспасөз жиынын өткізіп, Қазақстан Ауғанстанмен шекарадағы жағдайды реттеуге қатысты жоспарларымен бөлісті. Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бір мүшесі штабқа көмек көрсету жөнінде өтініш түсіруі  және парламент және Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі деңгейінде ортақ шешім қабылдануы сияқты бірнеше шарт қою арқылы, Орталық Азия елдеріне әскери контингентін жіберуге дайын болып отыр. Тимур Дәндібаевтың айтуынша, Қорғаныс министрлігі Ауғанстан төңірегіндегі жағдайды жіті қадағалап отыр. Сондай-ақ, Қазақстанның Ауғанстандағы елшілгі қорғауға алынып, ондағы мемлекеттік қызметкерлерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.