20 шіл, 2021 сағат 14:53

Қоянды батыр еткен жазушы балаларға түрлі шығармалар ұсынады


Балалар тақырыбына қалам тербеп жүрген жастардың бірі – Мейіржан Жылқыбай. Ол «Тауға саяхат», «Батыр қоян» кітаптары арқылы танылған. Бүгін «Ұлт» порталы жас жазушының туындыларымен таныстырмақ.

«Тауға саяхат» әңгімелер топтамасы жас жазушы Мейіржан Жылқыбайдың алғашқы туындысы. Туындыда бір аулада тұратын жануарлардың тауға саяхаттаған кезінде бастан кешкен қызық оқиғалары баяндалған.

Бұл туралы жазушы-драмматург Дулат Исабеков былай дейді:

«Әңгімелерінің бәрі шағын, жинақы, тілі шұрайлы екен. Әтешті жазсын, күшікті жазсын, бәрінен де ерекше сезімталдық, ерекше байқағыштық бар. Үй жануарларының табиғаты, мінезі, болмысы қысқа-қысқа сюжет арқылы дәл суреттелген. Балаларға арнап қалам тартып жүрген қазақ жазушыларының арасында дәл осындай стильде жазылған әңгімелер жоқтың қасы».

Үлкен ағасынан осындай жоғары баға алған Мейіржан Жылқыбайдың шығармашылығы балаларға арналған басылымдар арқылы жақсы насихатталды. Мәселен, өзі республикалық «Ұлан» газетінің жас тілшісі бола жүріп, жазған дүниелері «Ақ желкен», «Балдырған» журналдарына да басылып жүрді.

Жас жазушының ерекшелігі өзнеге дүние шығаруға тырысуында. Мәселен, күллі адамзат қорқақ деп бағалайтын қоянды батыр етіп суреттеген туындысы сұранысқа тіпті ие болды.

Тарқатып айтсақ, ертегінің басты кейіпкері – қоян өзіне деген сенімге кездейсоқ ие болады. Содан кейін түлкі қояннан қашып кетеді. Ал қоян өзінің батырлығына сене бастайды. Сөйтіп қоян ормандағы ең батыр жануарға айналды. Жазушы бұл ертегі арқылы адам өз күшіне сенсе, мақсатына жете алатыны туралы айтқысы келеді.

Айта кетейік, «Батыр қоян» суретті кітабы Оңтүстік Кореяның Азия мәдениет орталығының қолдауымен қазақ, орыс, корей және ағылшын тілдерінде басылып шықты. Кітаптың суретшісі – Нам Соң Хун. Бұл туралы Мейіржанның өзі былай дейді:

«Ертегі кейіпкерлерін бейнелеу үшін суретші зообаққа барып, қоян, тиін, түлкіні өз көзімен көрді. Өйткені әр елдің бір өзгешелігі болады. Кітаптағы жануарлардың түсі қатты қанық емес. Кореяда балалар кітапханасы мен иллюстраторлар музейіне барғанда байқағаным – кітаптардың жалпы суреттегі бояу қанық емес. Өйткені қанық түстер балаларды эпилепсия ауруына шалдықтырады екен. Сондықтан Кореяда солғын түстерді пайдаланады. Жалпы, олар кітаптағы суретке аса қатты мән береді. Егер балықшының суретін баскиімсіз қылып салса, кітапты баспа қабылдамайды. Себебі суретті көрген бала баскиім кимей, басынан күн өткізіп алуы мүмкін. Сонымен қатар «Достық» деген кітап назарымды аударды. Кітапты жазушы жазған, бірақ ішінде бірде-бір сөз жоқ. Кітаптағы суреттерге қарап, әңгіменің сюжетін түсінуге болады. Белгілі бір тілді білу де қажет емес. Кез келген бала суреттерге қарап автордың ойын түсінеді», -  дейді Мейіржан.

Рас, қазіргі балалар қызылды-жасылды, түрлі-түсті кітаптарға қызығады. Сондықтан да балаларға арналған суретті кітаптар сұранысқа ие. Сәйкесінше, балаларға арналған кітаптарды басып шығару бағасы да жоғары болады. Осыны ескерген Мейіржан Жылқыбай жоғарыда атаған «Тауға саяхат» атты кітабын екінші рет бастырған.

Жазушы қазақ әдебиетіндегі барлық ертегі кейіпкерлерін жинауды армандайды. Ол үшін алғашы қадамды жасап та үлгерді. Ол – «Ертегілер елінде» атты шығармасы. Онда Перінің қызы Бекторы біздің әлемге келіп, ноутбуктар ұрлап кетіп, ертегідегі батырларды компьютер ойынына тәуелді етеді. Енді ерлік жасайтын ешкім жоқ. Міне, жас жазушы осылайша өткен мен бүгінгі заманды тоғыстырып, балалардың әдеби талғамынан шыққысы келеді.

Естеріңізге сала кетейік, Мейіржан Жылқыбайдың негізгі мамандығы IT маманы. Ол «Тауға саяхат», «Батыр қоян» кітаптары арқылы танылған. Халықаралық «Дарабоз» әдеби байқауында 2011 жылы «Қырық бірінші өтіріктің соңы» туындысы үшін ынталандыру сыйлығын, 2015 жылы «Саяқ» әңгімесі үшін жүлделі 2-орынды алды. 2017 жылы «Батыр қоян» ертегісі Оңтүстік Кореяда 4 тілге аударылып, жарық көрді.