16 там, 2016 сағат 22:40

ҚР бокс федерациясы: AIBA ережесі бойынша, қазылар шешіміне қатысты шағымдар қабылданбайды

"Қазақстан бокс федерациясы Рио Олимпиадасының финалында орын алған Левит пен Тищенко жекпе-жегіндегі дауға қатысты пікірімен бөлісті", - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Барша қазақстандықтар секілді біз де сол кездесуді тамашалаған болатынбыз, Василийдің финалдық жекпе-жегін қарап, тақым қыстық, Василий Левит жеңіске жетті деп санаймыз, алайда төрешілердің шешімі басқа болды. AIBA президенті Чинг Куо-Ву мәлімдегеніндей, қандай болса да, қазылардың шешімін сыйлау қажет. AIBA ережесі бойынша, қазылар шешіміне қатысты шағымдар қабылданбайды, сондықтан өз қарсылығымызды білдірген жоқпыз. Біздің федерация AIBA жүйесінде, AIBA - ұлттық федерацияларға жетекшілік ететін ұйым. Сондықтан біз одан асып кете алмаймыз. Бізге келесі Олимпиадада, әлем чемпионаттарында, Азия біріншіліктерінде бірге жұмыс істеуге тура келеді. Сол себепті AIBA саясатын ұстануымыз керек», - деп атап өті ҚБФ қазылар комиссиясының төрағасы Аслан Игубаев.

Еске сала кетейік, Рио Олимпиадасының финалында қазақстандық боксшы Василий Левит ресейлік спортшы Евгений Тищенкоға қарсы кездесу өткізді және төрешілердің шешімімен 1:2 есебімен жеңіліс тапты. Дегенмен, ресейлік боксшыны бұрыштан-бұрышқа қуалап жүріп ұрған қазақстандыққа барша әлем қолдау білдіріп, жекпе-жектің әділ өтпегеніне наразылық танытуда.

Жасұлан Жолдыбаев