22 қыр, 2016 сағат 10:26

Құн жетпейтін қолөнер

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Астана қалалық филиалының жетекшісі Қарлығаш Қожамұратованың ұйытқы болуымен «Ата мұра – ұрпаққа мирас» атты шетел қазақтары қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтеді. Осындай шара бұған дейін «Мың жылдықтар тоғысындағы дала өркениеті» деген атпен үстіміздегі жылдың шілде айында, қала күнін мерекелеу барысында ұйымдастырылған еді. Ол кезде аталмыш жәрмеңкеге негізінен қолөнер бұйымдары, мәселен, ағаштан, сүйектен ойып жасалған мүсіндер, ат әбзелдері, киіз үйдің жабдықтары, ұлттық киімдер, музыка аспаптары қойылған болатынАл бұл жолғы жәрмеңке қазақтың қолөнер мұрасын жалғастыру, дамыту мақсатында қолға алынып отыр.

«Бұл жолғы шара қазақ көшінің ата­жұртқа аяқ басуының, ел Тәуел­сіздігінің 25 жылдығына, сондай-ақ ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месіне орайластырылып отыр. Бұған көрші елдерден ш­ақы­рыл­ған қазақ шеберлерінің қолы­нан шыққан ұлттық қолөнер бұ­йым­­дары жұртшылық назарына ұсы­нылмақшы. Мәселен, олардың арасында ғасырға жуық уақыт сақ­тал­ған күміс ер-тоқым, киме­шек, жарты ғасырлық тарихы бар қолмен тоқылған алаша сияқ­ты бұйымдар бар. Олар – еш­қан­­дай реставрациядан өтпей, бү­гінге дейін сол қалпында сақта­лып кел­ген құнды мұралар. Соны­мен қатар жәрмеңкеге жас жет­кін­­шектердің қиялынан туын­даған, жаңа технологияға сүйе­ніп жасалған заманауи өнер туын­дылары да қойылады. Біздің мақсатымыз – ата-баба дәстүрін сақтаған шетел­дегі қан­дас­тардың өнерін кеңі­нен наси­хаттау арқылы мақсатымыз жас ұрпақ­тар­ды өнерді бағалауға, ұлттық мұраны сақтауға үндеу», дейді қауымдастықтың Астана қалалық филиалының қызметкері Алтын Мәденқызы.

Біз сәті түсіп жәрмеңкеге қа­ты­су­ға келген қандастардың бір­­нешеуін әңгімеге тартқан едік. Солардың бірі – Қытайдың Құл­жа қаласының тұрғыны Ұлзира Мәлік­­қызы. Оның ұлттық өнерге деген қызығушылығы оқушы кезі­нен басталған екен. Мектеп қабыр­ғасында жүргенде сурет салуға қатты қызығатын ол алғашқыда әк тасты күйдіріп адамның бас мүсінін жасап көріпті. Өнеріне тәнті болған ауылдастары содан кейін оны «Мүсінші қыз» атап кеткен. Кейіннен кестеші­лік өнер­ге бет бұрып, Құлжа қала­сын­дағы «Тасбұлақ», «Тамаша» киім-кешек тігетін орталықтарда дизайнер-тігінші болып жұмыс істейді. Бойындағы өнерін еңбек­пен ұштай білген ол өзі жеке «Сәнгер» ұлттық киім-кешек, кес­­тешілік орталығын ашып, кә­сі­­­бін дөңгелентуде. Бүгінде ашыл­­­ғаны­на бір жыл болған ша­ғын орталықта онға тарта адам жұмыс істеп, негізінен ұлттық нақышта той, сахналық, балаларға арналған киімдер тігеді. Барлығын шебердің өзі жобалап, өзі дайын­дайды. Ал Астанада өтетін жәр­меңкеге ол өзінің қиялынан шық­қан төрт қолөнер бұйымын ала келіпті. Оның екеуі – кезіндегі қазақтың бай-манаптарының әйел­­дері мен қыздары киген бас киім­дердің үлгісімен тігілген сәу­ке­лелер болса, үшіншісі – қазақ­­тың біртуар батыр ұлы Бауыр­жан Момышұлының бей­несі кесте­ленген шағын киіз кілемше. Ол үй­дің қабырғасына іліп қоюға лайықтал­ған екен. Тағы бір кілем­шеде бүркіт бейнесі бастыр­ма әдісі­мен кестелене тігіліп, бедерленген.

Астанаға арнайы келген ше­бер­­­лердің тағы бірі – Қайгүл Асу­­бай­­қызы Текес ауданы «Қайгүл» кестешілік орталы­ғы­­ның ди­рек­торы. Бұл орталық біз-кесте өнерімен сан түрлі үй жаб­­­дық­тарын, мәселен, көрпе-жас­­тық, түскиіз, қазақы оюмен өр­нек­телген перде, шымылдық, сыр­мақ әзірлеп, киім-кешектер мен бас киім тігеді екен. Бүгінге де­йін 300-ден артық шәкірт тәр­бие­леп үлгерген шебер қазіргі таң­да 50-ден астам адамды жұ­мыс­­пен қамтып отыр. «Мен ор­та­­лы­қ­ты 2014 жылы аш­тым. Қа­зір шеберлеріміз екі жерде жұ­мыс істейді. Біздің қолы­мыз­дан шық­қан дүниелерге деген ха­лық­тың сұранысы да, ықыласы да өте жоғары. Құлжа және Үрім­жі қалаларында бірне­ше дү­кені­міз бар. Негізінен, Шың­жаң­ға тарайды. Кейде тапсы­рыс­­тың көптігінен 50 адам үл­гер­­мей де жатады. Бұған қоса, мен май­лы бояумен де суреттер са­лып, ағаш­тан ойып, түрлі мү­сін­­дер жасай­мын. Бірақ негізгі кәсі­бім – біз­кестемен түрлі жаб­дық­тар тігу»,  дейді Қайгүл Асанбайқызы.

Ал Құлжа қаласындағы «Жаңа ғасыр-Медеу» шеберханасының директоры Ділнұр Самалбекқызы – байыр­ғы кестенің өрнек үлгілерін жаңа заманға сай үйлестіріп, ес­кі­ні жаңартып, жаңғыртып жүр­ген шеберлердің бірі. Оның қолы­­нан шыққан дүниелер Құл­жа қаласына ғана емес, қазақ елі­не де кеңінен танымал екен. Діл­нұр апайдың ендігі ойы – тігін цехын қазақ жеріне көші­ру. Оның айтуынша, бүгінде қол­дың күшімен де, техниканың көмегі­мен де тігілген кестелерге жұрт айрық­ша қызығушылық танытып жүр екен.

Қазақтың қолөнер мұрасын насихаттау мақсатында «Самғау» сауда орталығындағы жәрмең­кеге қойылатын бұл туындылар елордадағы Ұлттық мұражайға тапсырылады.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»