24 қыр, 2016 сағат 23:33

Құнарлы аймаққа сапар

23-09-da9_3664Қостанайға жұмыс сапарымен табан тіреген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен  облыспен аттас аудандағы «Өтеулин» шаруа қожалығының егіс алқабына бет бұрды. Қазір  қырда еңбектің қызған кезі. Нұркелген Өтеулин басқаратын шаруашылық биыл 5 мың гектарға бидай, 500 гектарға зығыр, 500 гектарға арпа екті. 500 гектарды парға қалдырды. Бидайға тамыз айының тура ортасынан орақ салған шаруашылық енді 5-6 күнде науқанды аяқтағалы отыр.

23-09-da9_3597Қырда қызу еңбек

Сыры кетпеген жап-жаңа 6 комбайн алқапты ұстарадай сыпырып келеді. Биыл кеусен жаман емес. Нұркелген Әбдірашұлының науқан ая­ғында бидай гектарына 18 цент­нерден айналып қалады деген есебі бар, диқанның көңілі тоқ. Қазір техникасының түр-түрі бар шаруашылықтар күздің қыңыр мінезінен қорқа қоймайды. Озық техникалар өнімді жұмыс істейді. «Өтеу­лин» шаруа қожалығы да солар­дың қатарына ілесіп қал­ды. Қожалық басшысы соңғы жыл­дары тапқан табысын тех­ника жаңалауға жұмсап отыр­ды. Алқаптағы алты комбайн­ды лизингпен алып, толық тө­леп шықты.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімін өнді­ру­мен және өткізумен айналы­сатын аграрлық кәсіпорын қыз­метімен, сондай-ақ егін алқа­бы­ның жай-күйімен таныс­ты. Қа­зақстан Президентіне Қостанай облысындағы ас­тық жи­нау науқаны мен агро­өнер­кәсіп кешенін дамыту б­а­ғытын­да атқарылып жатқан жұ­мыс­тар жөнінде баяндалды.

Қазақстандағы әр төртінші тонна астықты Қостанай облысы өндіреді. Алқап басында ди­қандармен кездескен Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығын жаңа дең­гейге көтеру керектігін айт­ты. Мемлекет ауыл шаруа­шы­лығына қолдау көрсетуін жалғастыра береді. Осы саланы ғылымның қазіргі заманғы жетістіктерін ескеріп, озық шетел­дік тәжірибені зерделей оты­рып жетілдіру қажет. Бұл ауыл шаруашылығын сапалық тұр­ғыдан жаңа деңгейге көте­руге мүмкіндік береді, деді Мемлекет басшысы.

Алқап басында Нұрсұлтан Назарбаевқа бидай сорт­тары­ның көрмесі көр­сетілді. Онда бидайдың облыс өңірінде өсі­рілетін 19 сор­ты­ның үлгісі қойылды. Ал аграрлық сала еңбеккерлері Қазақстан Пре­­зидентіне өңірге жан-жақты қол­дауы және ауыл шаруашылығы саласында жүргізіп отырған тиімді саясаты үшін алғыстарын білдірді.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жи­нал­ғандарға жемісті жұмыс пен зор табыс тіледі.

23-09-da9_3702«Баян Сұлудың»  бал татыған тәттілері

Мемлекет басшысының Қос­та­найға сапары «Баян сұлу» акцио­нерлік қоғамында жалғасты.  «Баян сұлу» ескіден қалған кондитер фабрикасы болғанымен, тәуелсіздік жылдары мұның тек аты ғана емес, заты да өзгеріп, еліміздегі ірі өңдеу кәсіпорнына айналды. Мұнда таяу күндері печеньенің бірнеше түрін өндіретін бис­квит цехы ашылатын болады. Оған Италиядан озық үлгідегі жабдықтар алынып, оның құрастыру жұмыстары жүріп жатыр. Цех еліміздегі тамақ өнеркәсібін индустрияландыру саласындағы ең ірі нысан болып саналады. Бұл үшін Қазақстан Даму банкінен 20 миллион доллар жеңілдетілген несие алынды.

Цехта жылына 9500 тонна өнім өндірілетін болады, 45 адам­­ға жұмыс орны ұсынылады. Мем­­лекеттің қолдауымен инвестиция­лар тартудың арқа­сында «Баян сұлу» кондитер фабри­касы жылына 65 мың тонна 250 түрлі кондитер бұйымдарын өнді­реді. Оның 30 пайызынан аста­мы экспортқа шығарылады. Жал­пы, кәсіпорынды осы деңгей­ге көтерген инвестиция көлемі 3,6 миллиард теңгені құрайды. Қа­зір елімізде өнімнің сапасы мен алуан түрлілігі және өндіріс­тің қуаттылығы жөнінен «Баян сұлу­дың» алдын орайтын кәсіпорын жоқтың қасы.

Шығарылған көлік иесін табады

 «АгромашХолдинг» зауыты соңғы алты жылдың ішінде 4000 машина құрастырып шығарды, соның барлығы да сатылып, ие­сін тапты. Нұрсұлтан Әбішұлы «Аг­ро­машХолдинг» АҚ директор­лар кеңесінің төрағасы Дин Ким­нен шетелдік техникалар мен жер­гі­лікті зауыт құрастырған машина­лардың айырмашылығын сұрады. «Шетелдік машиналар біздің құ­растырып шығарған машиналарға қарағанда 3 есе қымбат және олар­дың техникалық шамасы 10-15 пайызға төмен», деп жауап берді Дин Ким. Зауыт құрастырған ма­ши­налар үшін қуатты сервис же­лісін құрудың арқасында ішкі на­рықтың 40 пайызын қам­тып отыр. Алдағы жылы бұл көрсет­­кішті 50 пайызға жеткізу меже­лен­ген. Сонымен қатар, «Агро­маш­­Холдинг» зауытының машина құрастыру үдерісінде қазақ­стандық үлес 50 пайызды құрайды.

Көрмеде Елбасы жұмыртқа өн­діретін және ет өңдейтін  кәсіпорындар жанына тоқтады. Қай­рат Маишев басқаратын «Жас қанат-2006» құс фабрикасы­на өткен жылдары жаңғырту жұмыс­тары жүргізілді. Соның арқасында жылына 220 миллион жұмыртқа өндіреді, 229 адам жұмыспен қам­тылған. Келесі жылдан бас­тап құс етін өндіретін өңдеу желісі іске қосылады. Ал  Алмат Тұрсынов облыста ет өндірісін заманауи дамытуға ізденіп жүрген кәсіпкер. Ол құрған «Қарасу-Ет» ет комбинаты ет өнімдерінің түр-түрін өндіреді, Ресейге шығарады. «Қарасу-Ет» өндірген ет өнімдері Қостанайдағы және тағы басқа қалалардағы ең үздік мейманханаларды қамтамасыз етеді. Елбасы, сонымен қатар, көрмеде өсімдік майын, тез пісетін кеспе, сүт өнім­дерін, ауыл шаруашылығы техни­каларын, көкөніс өндіретін кәсіп­орындар өнімдерін назарынан тыс қалдырмай, кәсіпкерлермен пікір­­лесуге уақыт тапты. Өнімдер са­па­лы­лығымен, нарықта өз орнын табуы­мен тәнті етті.

Мұнан кейін Елбасы «Сары­Арқа­АвтоПром» зауыты көрсеткен электромобиль машиналарын аралады. Негізі бұл кәсіпорын отандастардың машинаға деген сұранысын қамтамасыз етіп отыр. Зауыт автобустардың, жүк және жеңіл жүрдек машиналардың бірнеше түрін шығарады. Экс­порт­қа шығарылатын Қазақ­стан­да жасалған төрт түрлі маши­на­ның үшеуі қостанайлық «Сары­АрқаАвтоПром» зауытына тие­сілі екенін айтты Нұрсұлтан Назар­баевтың сұрағына жауап бер­ген AllurGroup директорлар кеңе­сінің төрағасы Андрей Лаврен­тьев. Соңғы уақытта зауыт элек­тро­мобильдерді сапқа қоя бастады. Нұрсұлтан Әбішұлы электромо­бильдің біреуінің руліне өзі отырып, жүргізіп көрді. ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында Астана қала­сында электромобильдерді электр энергиясымен қуаттайтын 100 станса салу жобасы қаралып жат­қанын да жеткізді зауыт өкілі.

65368522f25c48485f5555c2dc197530Түйіндер тарқатылғанда сала дамиды

Елбасының Қостанай облысына сапарын Е.Өмірзақов атындағы филар­монияның күмбезді залында жұртшылық өкілдерімен кездесу түйіндеді. Онда облыс әкімі Архимед Мұхамбетов облыс өңіріндегі жасалып жатқан жұ­мыс­тардан хабардар етті. Құнарлы, қуатты Қостанай өңірінде 1991 жылы 10 миллион теңгенің өнер­кәсіп өнімі өндірілген екен, өткен жы­лы бұл көрсеткіш 443 мил­лиард тең­гені құрады. Осының өзі-ақ  Қос­­танай өңірінің қуатына куә бол­са керек.

Мемлекет басшысы жи­нал­ған қауымды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, респуб­ли­каның елеулі жетістіктерін атап өтті.

– Біздің барлық жетістігіміз мықты іргетасқа – ел ішіндегі бей­бітшілік пен тұрақтылыққа негізделген. Ұлттық бірлік пен келісім – Тәуелсіздігіміздің басты жетістігі. Саясатта, экономикада, қоғамда, мәдениетте түбегейлі өзгерістер болды. Мемлекетіміздің халықаралық беделі айтарлықтай артты. Атап айтқанда, сындарлы сыртқы саясатымыз және әлемдік ан­ти­я­дролық қозғалыстағы барша жұрт мойындаған көшбасшы­лығы­мыз Қазақстанның БҰҰ Қау­іп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мү­ше­лігіне қабылдануына септі­гін ти­гізді, деді Нұрсұлтан Назар­баев.

Қазақстан Президенті елі­міз ширек ғасырда әлем жұрт­шы­лығына танылып, әлеуметтік-эко­номикалық және мәдени әлеуе­ті­міздің артуына септігін тигізген ауқымды нәтижелерге қол жет­­кізгеніне тоқталды. Келер жылы Қа­­зақстан ЭКСПО-2017 халық­­аралық мамандандырылған көрме­сін ТМД аумағында бірінші болып өткізгелі отыр. Бұл іс-шараға 100-ден астам ел және көп­теген халықаралық ұйымдар қаты­сады. Қазақстанның әрбір өңірі осы тарихи оқиғаны табысты өткізуге қомақты үлесін қосуы керек, деді Мемлекет басшысы.

Әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай жері Қазақ­стан­ның негізгі астықты аймағы­ның бірі екенін айрықша атап айтты. Дамыған тау-кен және машина жасау секторлары бар ірі аграрлық-өнеркәсіп кешені осы өңір үшін ғана емес, бүкіл республика үшін де мықты экономикалық база болып саналады. Қостанай – ауыл ша­руашылығы дамыған басты өңірлердің бірі, бұл өңір еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қомақты үлес қо­суда. Облыстағы ауыл ша­руа­шы­лы­­ғының жалпы өнімі 25 жыл ішінде 295 миллиард теңгеге дейін өсті, деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сондай-ақ өңірдің ресурстық әлеуетіне және дамыған өнеркәсібіне назар аударды. Мұнда асбест қорының 100%-ы, республикадағы алюминий шикізатының 98%-дан астамы және темір рудасының 93%-ы шоғырланған. Индустрияландыру жылдарында облыста 121 миллиард теңге инвестиция тартылған 82 жоба іске қосылды. Осыған орай 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру автомобиль құрылысы мен металлургия сияқты өңдеу өнеркәсібінің жаңа секторларын қалыптастыруға мүмкіндік тудырды. 2010 жылдан бері 29 мыңға жуық жеңіл автокөлік құрастырылды, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасына қостанайлықтар да жылы сөзін, ақжарма тілектерін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­­стан­ның болашағы тек бірлік­те еке­нін атап көрсете келіп, қос­та­най­­лықтарға денсаулық, бақыт тілеп, ел Тәуел­с­іздігінің 25 жылды­­ғымен құттықтады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы