27 нау, 2024 сағат 15:28

Құнды қолжазбалар жойылу алдында тұр — депутат кітапхана мәселесін көтерді

Фото: Мәжіліс баспасөз қызметінен

Депутат Ардақ Назаров Мәжіліс отырысында Орталық ғылыми кітапханасының жағдайы туралы мәселе көтерді деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

"1932 жылы ашылып, 1945 жылы Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен жеке «Орталық ғылыми кітапхана» статусын алған кітапханада қазір 6 миллионға жуық басылым сақтаулы. Бұл Қазақстандағы ең бай ғылыми қор болып саналады. Мұнда қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты ең үлкен қолжазбалар қоры және 130 тілдегі ғылыми басылымдар сақтаулы. Өкінішке қарай, мекеме атауы «Орталық ғылыми кітапхана» деп аталғанымен, кітапхана статусы жоқ! Яғни, «Ғылым ордасы» Республикалық Мемлекеттік Кәсіпорны мекемесінің бір бөлімі ғана болып отыр, жеке кітапхана болып саналмайды. Содан да болар, ұлт руханиятының қарашаңырағы аянышты халде", -деді А. Назаров.


Алдымен ол құнды қолжазбалар жойылу алдында тұрғанын айтып, кітапхана қорындағы ХІІ-ХVІІІ ғасырлар арасын қамтитын құнды мұралар, әл-Фараби, Әлішер Науаи, Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Әбубәкір Диваев, Әлкей Марғұлан сынды ірі тұлғалардың қолжазбалары, Абылай ханның хаты, 3 метрлік орама матада жазылған «Қазақ хандарының шежіресі», 12-ғасырда бұзау терісіне жазылған 26 метірлік «Тәурат» кітабының қолжазбасы сақталғанын жеткізді. Одан бөлек, 20 мыңнан аса құнды қолжазба бар. Олардың көбі әлі кітап болып басылып шықпағанын айтты.

Кітапхананың санитарлық нормалары да дұрыс сақталмай тұрған көрінеді, қордың темперетурасын дұрыстап тұратын аппараттар істен шыққан, оларды қайта жабдықтау керек екенін айтты.

"Қазірдің өзінде қордағы басылымдар кеуіп, үгітіліп бара жатыр. Осылай жалғаса берсе, 5-10 жылда басылымдардың 30 % жоғалтамыз. Сондай-ақ, реставрация жасайтын орталық болғанмен, онда басылымдарды өңдейтін арнайы материалдар жоқ. Қаржы бөлінбесе, кітапхана өте қымбат бағаға шетелден алдыра алмайды", - деді депутат. 


Кітапхана қоры да соңғы 10 жылда толықпай жатқанын мәлімдеген депутат Назаров шетелдің үздік ғылыми басылымдарын айтпағанда, Қазақстандағы басылымдарға да қолы жетпей отыр отыр деп налыды.

"Соңғы 3 жылда мерзімді басылымдарды да толық алмаған. 2022 жылы соңғы 6 айға (яғни, шілде-желтоқсан айларына), 2023 жылы соңғы 4 айға (яғни, қыркүйек-желтоқсан айларына) ғана мерзімді басылымдарға жазылған. Биыл мерзімді басылымдарға әлі жазылмаған. Қай айдан бастап алатыны да белгісіз. Бір қызығы, Мемлекеттен мерзімді басылымдарды жаздырып алуға ақша бөлінеді. 2022 жылы 30 млн теңге, 2023 жылы 23 млн теңге қаржы бөлінді, бірақ нақты жазылу уақыты келгенде белгісіз себептермен бөлінген қаржы азайып кетеді. Яғни, 2023 жылы 17 млн тенгеге жазылған. Оның себебін кітапхана басшылығы білмейді. Мемлекет бөліп отырған қаржы қайда кеткенінен ұжым бейхабар", -деп отыр депутат.


Ардақ Назаров көтерген төртінші мәселе, маман тапшылығы мен кітапхана саласындағы қаржының аздығы. 

"Осыдан 30 жыл бұрын Орталық ғылыми кітапханада 305 қызметкер жұмыс істеген болса, қазір 32 маман ғана қызмет етеді. Маман тұрақтамайды, мардымсыз жалақыға ешкім келмейді. 30-40 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан өте тәжірибелі кітапханашылардың өзі 100 мың теңгенің төңірегінде ғана айлық алады!.. Ал кітапханада атқарылатын жұмыстар шаш етектен. Кезінде 300-ден астам маман істеген жұмысты бас-аяғы 30-ға да жетпейтін қызметкерлер қалай атқарсын?! Маман тапшылығына байланысты кітапхананың электронды каталогы толық жасалмай отыр. Қазір 30% қор электронды каталогқа енді, 70% қорды оқырмандар қағаз жәшіктерден кітапханаға келіп қана қарай алады", - деп отыр депутат.