10 сәу, 2024 сағат 12:24

Күрессек, бұл күндерді де өткереміз — қоғам белсендісі су тасқынымен бірге күресуге шақырды


Қоғам белсендісі Дәурен Сейітжанұлы әділет пен ақиқат сұрайтын әл-дәрменді кейінге сақтап, дәл қазір қарғын сумен жұмыла күресу керегімізді жазды.

Ол кеуілді күйрететін жағдаяттарды жіпке тізе бергеннің жөні жоқ екенін айтады. Болған іс болды, табиғат өз дегенін жасады, дейді ол.

"Құлқынқұлдардың кесапаты жаңа Қазақстанға да тиді. Біздің қоғамның сын сағаттарда жұдырықтай жұмыла кететіні бар. "Ел-жер біздікі" деп қарғын сумен күреске жең түргендерді көзіміз көріп отыр. Қай облыс екенін білмеймін, Ақтоғай деген ауылдың адамдары бала демей, шаға демей, өз күштерімен бөгет жасап жатыр екен. Осы көріністің өзі бойға қуат, жүрекке шуақ сыйлайды екен. Бірақ солай екен деп қарап отыруға болмайды, қазір оларға нақты көмек керек, біздің өкпемізді өшке айналдарып отырғанымыздан пайда жоқ",  - деп жазды ол.


Айтуынша, дәл қазіргі жағдайда бізге ел үшін еріктілер сапына қосылатындай ерік, ертеңгі күннен күдер үздірмейтін жігер керек. Және бұл тұрғыда ешкім қалыс қалып жатпағанын айтты.

"Қаржы ұйымдары, алып компаниялар да қарекет жасауда. Муфтият өкілдері де аяғынан тік тұрып, қалтқысыз қызмет қылып жатыр. Оған біз, бүгінгі халықшыл қоғам болыспаса, демеу болмаса, бәрі бекер", - дейді ол. 


Дәурен Сейітжанұлы “Әділет ше, ақиқат ше, халықты әбірге салғандардың жазасы ше?” дейтін сұрақтарға да уақыт өте келе жауап табылатынын айтады.

"Әділет бүгін де, ертең де әділет, адам өзгергенімен, адам тағдыры өзгергенімен ақиқат өзгермейді. Ол бір ғасырдан кейін де ақиқат. Ал, қарғын су, топан су кідірмейді. Сол үшін бірігейік, ағайын! 
Жалғыз шаңырағы, жалғыз баспанасы су астында қалған, талай жылғы еңбегін су шайған жандардың бойындағы үрейді бірлігімізбен жеңіп, дем берейікші!
Ковидті да, көп итті де көрдік, сол кезеңдерде біздің санамызды сансыратқан "анау анадай екен", "мында сондай болып жатыр" деген қаңқу сөздер еді. "Берекені сыбыс бұзады" деген, қазір де қауесеттер арагідік айтылып қалып жатыр. Сондықтан ақыл таразымызға салып отырайық. Алғашқы күндердей емес, бүгінгі таңда ресми ақпараттарды беру жолға қойылды. 24 сағат үзіліссіз хабар беріліп жатыр. 
Су тартылар, жер құрғар. Бәрінің есебін сұрайтын уақыт келер. Әділет пен ақиқат сұрайтын әл-дәрменімізді сол уақытқа сақтайық. Күрессек, бұл күндерді де өткереміз!", - деп жазды қоғам белсендісі.