17 мау, 2021 сағат 13:40

Күрішбаев агроөнеркәсіп кешенін ғылыми қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстар айтты


Сенаттың жалпы отырысында ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылау кезінде сенатор Ақылбек Күрішбаев аграрлық ғылымды дамыту мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір біз саланы ғылыми қамтамасыз етудегі артта қалушылықтан аграрлық өндірістің қандай шығынға ұшырап жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз. Қаржы министрлігі ғылымды жеткіліксіз қаржыландыруды бюджет тапшылығымен түсіндіреді. Бірақ жыл сайын 7 млрд теңгеге жуық бюджет қаражаты шетелдік селекция тұқымдарын субсидиялауға жұмсалады. Ал асыл тұқымды малды шетелден сатып алуға 500 млн АҚШ долларынан астам қаражат кетті. Олардың бір бөлігі мемлекеттік субсидиялар болып табылады. Аграрлық ғалымдарымыз жарты жылдан бері мемлекеттік қаржыландырудан тыс қалып отырған жағдайда, аграрлық ғылымды дамытуға қатысты қандай сөз айта аламыз», - деді Күрішбаев. 

Осы орайда ол аграрлық ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың жаңа, тиімді форматын ұсынды. 

«Біріншіден, ауылшаруашылық өндірісінің сұранысын өтей алмайтын «шикі» ғылыми әзірлемелердің пайда болу себептерінің бірі – аграрлық зерттеулерді жүргізу мерзімінің үш жылмен шектелуі. Осындай қысқа уақыт ішінде әлемде еш жерде жаңа сорттар мен агротехнологиялар жасалмайды. Сондықтан аграрлық салада алға қойылған міндеттерге байланысты және ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуді ескере отырып, 5-15 жылға арналған ұзақ мерзімді ғылыми-техникалық бағдарламалар енгізуді ұсынамыз. Екіншіден, мұндай зерттеулердің тақырыбын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің ұсыныстарын негізге ала отырып анықтау қажет, олар саланың стратегиялық маңызды міндеттерін шешуге бағытталып, конкурстан тыс, яғни конкурссыз іске асырылуы тиіс», - деді сенатор.