18 қар, 2022 сағат 17:18

Қырғызстанда қылмыс әлемінің авторитеті ұсталды


Қырғызстанда Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (МҰҚК) қызметкерлері қылмыс әлемінің авторитеті Камчы Көлбаевты (Қамшыбек Асанбек) ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі 24.kg сайтына сілтеме жасап.

16 қарашада Ыстықкөл облысы бойынша арнайы қызмет департаментінің қызметкерлері "вор в законе" Қамшыбек Асанбек пен оның қасындағы 10 адамды ұстағаны нақтыланды. Олар қырғыз-қытай шекарасына жақын маңда (Жеті-Оғыз ауданы) орналасқан "Булат-М" аңшылық алқабынан қайтып келе жатқан. Күдіктілер "Қарасай" шекара бекетінде ұсталды.

"Тексеру барысында олар Қырғыз Республикасы мемлекеттік органдарының тиісті рұқсатынсыз шекаралық аймақта болғаны анықталды. Осыған байланысты Қ. Асанбек пен оның сыбайластарына қатысты Қырғызстан заңнамасына сәйкес әкімшілік қамауға алу туралы тиісті хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ, тінту нәтижесінде сегіз атыс қаруы (төрт "Сайга карабині және төрт "ПМ" және "Глок" тапаншасы) табылды", - делінген хабарламада.

МҰҚК баспасөз орталығынан/24.kg

Камчы Көлбаев немесе "Коля-Қырғыз" Қырғызстандағы ең танымал криминал авторитет саналады. Ол – Ыстықкөл облысының тумасы.

2011 жылдың маусымында Көлбаев АҚШ-та ресми түрде халықаралық есірткі бизнесіндегі негізгі тұлғалардың бірі ретінде танылды.