Фото: ҰОК
Қазақстан спортшылары Қысқы Олимпиада ойындарындағы нәтижелері үшін жалпы сомасы 255 мың доллар көлемінде мемлекеттік сыйақы алады, - деп хабарлайды Ult.kz.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Олимпиадада 1–6 орын аралығында нәтиже көрсеткен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ақшалай марапат беріледі. Биыл ел намысын қорғаған 36 спортшының ішінен жүлделі нәтиже көрсеткені – екеу ғана. Бұл көрсеткіш ел спортының бүгінгі ахуалына ой жүгіртуге негіз бар екенін аңғартады.
3000 метр қашықтықта 6-орын алған конькиші Надежда Морозова заңға сәйкес 5 мың доллар сыйақы алады. Дәл осындай сома оның жаттықтырушысына да қарастырылған. Бұл шамамен 2,5 миллион теңгені құрайды.
Ал мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанып, 250 мың доллар иеленбек. Бұл шамамен 124,5 миллион теңге. Шайдоровтың жеңісі – тарихи нәтиже. Бұл Қазақстанның Олимпиада тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан алған алғашқы алтын медалі әрі Тәуелсіздік жылдарындағы Қысқы ойындардағы екінші алтын жүлдесі.
Дегенмен, заңға сәйкес мемлекет сыйақыны бір жылға дейін кешіктіруге құқылы. Осы мерзім ішінде спортшылар допингке қатысты барлық тексерістен өтеді, ал қаражат резервтік қор есебінен бөлінеді.
