10 сәу, 2026 сағат 16:31

Тоқаев боксшыларды Азия чемпионатындағы жеңісімен құттықтады

Фото: Sports.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлан-Батыр қаласында өткен Азия чемпионатында табысты өнер көрсеткен Қазақстан ұлттық құрамасына құттықтау жолдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Мемлекет басшысы спортшылардың жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленіп, отандық бокс мектебінің жоғары деңгейін дәлелдегенін атап өтті.

Құттықтау жеделхатында Оразбек Асылқұлов, Сабыржан Аққалықов, Нұрбек Оралбай, Айбек Оралбай, Надежда Рябец және Дина Исламбекова сынды спортшылардың жеңіс тұғырына көтеріліп, ел мерейін асқақтатқаны ерекше аталды.

Президент қазақстандық былғары қолғап шеберлеріне алдағы халықаралық жарыстарда да көк байрағымызды биікте желбірете берулеріне тілектестік білдірді.

Айта кетейік, World Boxing ұйымдастырған Азия чемпионаты 2026 жылы Ұлан-Батыр қаласында аяқталып, Қазақстан құрамасы жалпы медальдық есепте бірінші орын алды.

Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық боксшылар барлығы 13 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 6 алтын, 2 күміс және 5 қола жүлде бар. Медальдардың бесеуі әйелдер құрамасына, сегізі ерлер құрамасына тиесілі.

Екінші орынды Үндістан құрамасы иеленді. Олардың еншісінде 5 алтын, 3 күміс және 8 қола медаль бар. Ал үшінші орынға Өзбекстан боксшылары тұрақтады. Олар 3 алтын, 4 күміс және 4 қола жүлде жеңіп алған.

Осылайша, Қазақстан құрамасы құрлықтық додада жоғары нәтиже көрсетіп, бокс саласындағы көшбасшы елдердің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.