10 сәу, 2026 сағат 11:09

Дастан Сәтпаев “Дарын” жастар сыйлығының лауреаты атанды


Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі


Алматылық «Қайрат» клубының 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаевқа “Дарын” жастар сыйлығы табысталды, деп хабарлайды Ult.kz.


Марапатты Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тапсырды. Жас футболшы 2025 жылғы сыйлықтың “Спорт” номинациясы бойынша лауреат атанды.


Аида Балаева өз сөзінде Дастан Сәтпаевтың жоғары нәтижелерімен қатар, өскелең ұрпаққа үлгі болып жүргенін атап өтті. Сондай-ақ оның жастарды спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттаудағы еңбегі жоғары бағаланды.


Айта кетейік, 2025 жылы осы номинация бойынша әйелдер арасында екі дүркін әлем чемпионы, боксшы Аида Әбікеева да жеңімпаз атанған.


Дастан Сәтпаев 2025 жылы «Қайрат» клубының үздік сұрмергені атанып, командасымен бірге ел чемпионатында топ жарды. Сонымен қатар, ол Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуға елеулі үлес қосты.

Жас футболшы 16 жасында Англияның «Челси» клубынан шақырту алған.