Фото: Қазақстандағы Қытай елшілігінің баспасөз қызметінен
Соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай өзара визасыз режим енгізіп, «Туризм жылын» табысты өткізді. Бұл екі ел арасындағы адамдар ағынының айтарлықтай артуына ықпал етіп, халықтар арасындағы өзара түсіністіктің тереңдеуіне жол ашты. Биыл сондай-ақ «Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени алмасу жылы» өтеді, бұл екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілуін білдіреді. Осы орайда Ult.kz тілшісі Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Хань Чуньлиньнен қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыстар саласындағы ынтымақтастықты қалай бағалайтынын және бұл ынтымақтастық екі ел арасындағы қатынастарды дамытуда қандай рөл атқаратынын сұрап білді.
Фото: Қазақстандағы Қытай елшілігінің баспасөз қызметінен
«Қытай мен Қазақстанды ортақ таулар мен өзендер байланыстырады, ал олардың мәдени алмасуларының тамыры терең тарихқа кетеді. Төраға Си атап өткендей, Қытай мен Қазақстан – тату көршілер, жақсы достар және сенімді серіктестер. Екі елдің халықтарын мыңжылдықтарға созылған достық байланыстар біріктіреді, олар Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдени өзара ықпалдастық тарихында жарқын беттер жазып келеді.
Мәдени алмасулар мен ынтымақтастық ежелден Қытай-Қазақстан қатынастарының маңызды құрамдас бөлігі әрі дамудың сарқылмас қуат көзі болып табылады. Бүгінде бұл байланыстар күн сайын нығайып, екіжақты ынтымақтастықтың маңызды әрі қарқынды дамып келе жатқан бағытына айналуда. Соңғы жылдары екі ел басшыларының жеке назар аударып, қолдау көрсетуінің арқасында Қытай мен Қазақстан өзара жақындасып, тиімді институционалдық тетіктері, ыңғайлы әрі нәтижелі байланыс арналары және түрлі субъектілердің белсенді қатысуымен жаңа ынтымақтастық архитектурасын қалыптастырды. Мәдени-гуманитарлық байланыстар қарқынды даму кезеңіне өтті», – деді Хань Чуньлинь мырза өз сөзінде.
Елшінің сөзінше екі тарап білім беру, ғылым мен техника, мәдениет, спорт, туризм, бұқаралық ақпарат құралдары және басқа да салаларда бірқатар ынтымақтастық құжаттарына қол қойып, осы бағыттағы өзара іс-қимылды тұрақты түрде кеңейтіп, тереңдетіп келеді.
Бүгінде екі ел арасында бауырлас қатынас орнатқан 32 жұп провинция, облыс және қала бар. 5 Конфуций институты табысты жұмыс істеуде, сондай-ақ үшінші «Лу Бань шеберханасы» ресми түрде қызметін бастады. Қытайдың төрт жоғары оқу орнында Қазақстанды зерттеу орталықтары құрылған, ал Қазақстанда Қытайдың үш университетінің филиалдары ашылған. Бейжіңде Қазақстанның мәдени орталығы табысты жұмыс істеп тұр, ал Қазақстанда Қытай мәдени орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
«Өздеріңіз атап өткендей, визасыз режимнің енгізілуі және туризм жылдарының өткізілуі екі ел азаматтарының өзара сапарларын айтарлықтай жеңілдетіп, туризм саласындағы ынтымақтастықты мәдени-гуманитарлық байланыстардың жаңа визит картасына айналдырды. Қытайдың Хайнань провинциясы мен Қазақстанның Алматы қаласы екі ел туристері арасында ерекше танымал бағыттарға айналды. Тікелей әуе рейстерінің саны артып, екі елге сапарлар жасау жаңа үрдіске айналуда. Осы қарқынды мәдени алмасулар аясында халықтарымыздың жүректері бір-біріне бұрынғыдан да жақындай түсуде», – деді ол.
Екі ел басшыларының келісімі бойынша 2026 жыл Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени алмасу жылы болып жарияланды. Осы аяда түрлі іс-шаралар, соның ішінде өнер көрсетілімдері мен көрмелер өткізу жоспарлануда. Екі мемлекет мәдени байланыстарды басты дәнекер ретінде пайдалана отырып, өзара мәдени үйренуді одан әрі тереңдетіп, халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтатын жаңа достық көпірін қалыптастыра бермек.
«Мемлекетаралық қатынастардың негізінде халықтар арасындағы достық жатыр. Қытай мен Қазақстан халықтарының достығы – екі ел арасындағы мәңгілік жан-жақты серіктестіктің дамуына қуат беретін маңызды қайнар көз. Жаңа тарихи кезеңде Қытай тарапы мәдени-гуманитарлық алмасулар мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, мемлекетаралық қатынастардың мазмұнын байытуға және ғасырлар бойғы достықтың қоғамдық негізін күшейтуге дайын. Бұл өз кезегінде Қытай мен Қазақстан қатынастарының жаңа «алтын отыз жылдығын» қалыптастыруға тың серпін береді»», – деді елші тілшімізге.
Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 27 наурызында Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Хань Чуньлинь «екі сессияның» рухына арналған баспасөз конференциясын өткізді.
Елші Хань Чуньлинь 2026 жылғы «екі сессияның» негізгі бағыттарын таныстырып, Қытайдың 14-бесжылдық кезеңдегі жетістіктері мен 15-бесжылдықтың стратегиялық мақсаттарын атап өтті. Ол Қытай экономикасы жаһандық дамуға серпін беріп, көпполярлы әлем мен ашық экономикалық жаһандануды ілгерілетуді жалғастыратынын айтты. Сонымен қатар, Қытай Қазақстанмен бірлесіп стратегиялық ынтымақтастықты тереңдетіп, «Бір белдеу – бір жол» аясында қатынастардың жаңа «алтын кезеңін» қалыптастыруға дайын екенін жеткізді.
