26 қаз, 2016 сағат 12:59

Қ.Жүкешев мырзаның «Қазақ тілінде мәдениет жасалды ма» атты мақаласына уәж

Қ.Жүкешевтің "Ұлт" порталында жарияланған мақаласы едәуір жұртқа таңданыс туғызып жатыр. Мақала шынында да күрделі мәселелерге арналып, ой туғызатындай деңгейде жазылған. Өнер туралы, әсіресе, "қазақ театрларының ауыл көркемөнерпаздарының деңгейінде қалып қойған" деген диагнозы шындыққа сәйкес келеді. (Оның сценарийлерге, режиссураға байланысты өзіндік себептері де бар шығар). Дегенмен автор бұл мақаласының көп жерінде айтқыштыққа, қызыл сөзге сүйенген.

Бұл мақаладағы автордың демінде Батыс философиясының иісі аңқып тұр.Сосын көптеген мақала жазатын авторлардағы басты бір кемшілігі- оқырмандарды өзінің сөзінің растығына сендіру үшін, сөзін кезіндегі Совет үкіметінің саясатын жамандаудан бастайды. Бұл мақалада да сондай "стиль" бар екен. Автордың осы мақалада Әдебиет туралы айтқан сөзінде "Жастарды ауылдан қалаға кетпеу үшін,Кеңес үкіметі жазушыларды ауыл өмірін мадақтап жазып, ауыл мәдениетін насихаттауға бұрды" деген сияқты сөздер бар.Шынтуайтында, Кеңес өкіметі тұсында оның тарапынан жазушыларды "Ауыл өмірін насихаттаңдар" деген арнайы нұсқау, қаулы болған емес. Рас,60- жылдары орыс жазушысы Шукшин шығармаларында ауыл өмірін, орыс деревнясының өмірі мен орыс адамдарының образын жазып, аты шықты. Одан кейін қазақ жазушыларының арасында да оған еліктеушілер табылды. Бірақ, бұл Жүкешев айтқандай, үкіметтің "ауылды насихаттаңдар" деген қаулысымен емес, Шукшинге еліктеуден туған тенденция еді. 

Содан кейін, Қ.Жүкешев "Қала мәдениеті" деген мәселеге көп тоқталыпты. Мақала авторы көп оқыған, білімді адам. Әсіресе, Батыс философиясын терең білетіндігінде сөз жоқ. Бірақ, көп оқыған адам да кейде адасып кетеді. Сол себепті автордың осы мақалада айтқан "қазақ мәдениеті" мәселесіне келейік.

Мақала авторы өзінің сөзінің басында Алаш қайраткерлерінің қазақ мәдениетіне сіңірген еңбектерін бір сөзбен айтып кеткен. Мәселе, автордың "ауылда мәдениет жасалмайды, мәдениет қалада жасалады" деген тұжырымынан туындап отыр. 

Тіпті, Жүкешев мырза осы мақаласында Батыс философиясының тұжырымына сүйеніп, "Мәдениет ауылда емес, қалада ғана жасалады" деп тура кесіп тастаған.

ХХ -ғасырдың бас кезіндегі қазақ прозасының басында тұрған М.Дулатов, М.Әуезов, Ж.Аймауытов ауылдан шығып, ауылда жүріп, қазақтың алғашқы прозалық шығармаларын жазып, әдебиеттік мәдениетімізді биікке көтерген жазушылар. 

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов Тіл ғылымдарын (фонетика, синтаксис, морфология, терминология, "Әдебиет тану" теориялық ғылымдарын ауылда, далада жүріп жазып, осы тіл, әдебиеттегі мәдениет салаларын дамытты. Сонда Жүкешов мырзаның философиясы бойынша бұл ғылыми салалар "қала мәдениетінің жемісі" болып санала ма! Біз ҚАЗАҚПЫЗ! Біз ҚАЗАҚ ҰЛТЫМЫЗ! Біз кезінде көшпелі Ел болдық. Соған қарамастан Біздің пәлен ғасыр жасап келе жатқан ЭПОСТЫҚ ЖЫРЛАРЫМЫЗ бар, ДӘСТҮРЛІ МУЗЫКАЛЫҚ БАЙЛЫҒЫМЫЗ БАР! Бұл ҰЛТТЫҚ БИІКТЕГІ ҮЛКЕН МӘДЕНИЕТ! Мұның бәрін қазақ халқы далада, ауылда жүріп жасаған! Сондықтан, Қанағат Жүкешев мырзаның "Қазақ тілінде мәдениет жасалды ма" атты мақаласындағы қазақ әдебиеті, мәдениеті туралы айтылған пікірлерінің көбі жаңсақ логикаға құрылғанын айтқым келеді.

Қорытындысында, бір сөзбен айтсақ, ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ МӘДЕНИЕТ ЖАСАЛҒАН және ОЛ БАР!

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ

жазушы, тарихшы,әдебиеттанушы

Ұлт порталы