Фото: 24tv.ua
19 қазан, жексенбі күні таңертең Париждегі Лувр мұражайын белгісіз адамдар тонап кетті. Ұрыларға музейден Наполеон Бонапартқа тиесілі болған зергерлік бұйымдар мен өзге де қымбат әшекейлерді алып шығуға небәрі жеті минут қажет болған.
Прокуратура «ұйымдасқан ұрлық» және «қылмыс жасау мақсатында алдын ала сөз байласу» бабы бойынша тергеу бастады. Тергеу мәдени құндылықтардың заңсыз айналымына қарсы арнайы қызметтің қолдауымен жүргізіліп жатыр.
«Қазір залал мөлшері есептелуде. Тергеу жалғасуда», – деп хабарлады прокуратура.
Соңғы мәлімет бойынша, ұрлыққа төрт адам қатысқан. Олар беттерін толық жасырған және оқиға орнынан скутерлермен қашып кеткен.
TF1 телеарнасына берген сұхбатында Францияның мәдениет министрі Рашида Дати ұрланған бұйымдардың біреуі музей маңынан табылғанын хабарлады. Оның айтуынша, затты ұрылар қашу барысында тастап кеткен болуы мүмкін.
Францияның бірнеше БАҚ-ы хабарлағандай, табылған зақымдалған бұйым – XIX ғасырдағы императрица Евгенияға, яғни Францияны басқарған Наполеон III-тің жарына тиесілі тәж. Лувр мұражайының сайтындағы дерекке сүйенсек, бұл тәж алтын бүркіттермен безендірілген және 1354 бриллиант пен 56 зүбәржатпен көмкерілген.
Фото: ашық дереккөз
Кешке қарай прокуратура ұрланған заттардың толық тізімін жариялады.
Париж прокуроры Лора Бекюо BFMTV арнасына берген сұхбатында, тізімде француз монархтарына тиесілі мынадай зергерлік бұйымдар бар екенін айтты:
-
Наполеон I-нің жұбайы Мария-Луиза коллекциясынан алқа мен сырға;
-
Король Луи-Филипп I-нің әйелі Мария Амалия мен Наполеон III-тің анасы Гортензия Богарнеге тиесілі болған алқа, сырғалар және диадема;
-
Императрица Евгенияның екі танамоншағы, корсаж банты және диадемасы.
Наполеон ІІІ-тің әйелі Евгенияның диадемасы
Франция королі Луи-Филипптің жұбайы Мария Амалия Неаполитанскаяның алқасы
Рашида Дати ұрылар «кәсіби түрде, ешқандай зорлық-зомбылықсыз және абыржусыз әрекет еткенін» атап өтті.
Мұражай таңертеңнен бастап «ерекше себептерге байланысты» толық күнге жабылған.
Францияның Ішкі істер министрлігі кейін нақтылағандай, жергілікті уақытпен 09:30 шамасында (Гринвич бойынша 07:30) бірнеше адам Apollo галереясына терезені сындырып кірген. ІІМ басшысы Лоран Нуньестің айтуынша, үш-төрт ұры ғимарат сыртына тоқтатылған жүк көлігіндегі көтергіш механизмді пайдаланған.
Ішке кірген соң олар витринада тұрған зергерлік бұйымдарды алып, скутерлермен қашып кеткен. Нуньестің айтуынша, бүкіл операция жеті минутқа ғана созылған.
Министрлік бұл заттардың тек коммерциялық тұрғыдан ғана емес, тарихи және мәдени жағынан да өлшеусіз құнды екенін баса айтты.
Франция ІІМ атап көрсеткен Apollo галереясында француз тәжінің сақталған ең құнды әшекейлері қойылған.
Ұлы Француз революциясы кезінде монархия құлатылған соң, тәж әшекейлерінің көбі сатылып кеткен немесе жоғалған. Дегенмен мұражайда Наполеон император атанған кезде және кейін оның жиені – Наполеон III билікке келгенде арнайы сатып алынған бірнеше бұйым сақталған. Олар сол кезеңдегі императрицалар – Мария-Луиза мен Евгенияға да тиесілі болған.
Мұражай сайтында айтылғандай, галереяда қойылған ең бағалы экспонаттар – атақты Регент алмасы, «Санси» және «Гортензия» атты гауһартас.
Луврда әлемдегі ең атақты өнер туындыларының көбі сақталған. Соның ішінде ең әйгілі экспонат – Леонардо да Винчидің «Мона Лизасы».
