25 қыр, 2016 сағат 15:58

Маңдай тердің мерейі

«Еңбек – бәрін де жеңбек». «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тілен­бей». «Еңбек етсең, емерсің». «Еңбектің наны тәтті». Еңбекке қа­тысты қазақ нақылдарын осылай тізбелей берсек, онда біразға дейін жалғастыратынымыз анық. Бұл нені білдіреді? Қазақ еңбектің қаді­рін, еңбек еткен адамның үлкен жетістікке жететінін білген және соны ұр­пағына ұғындырып, сәт сайын санасына сіңіріп отырған. Әдетте, «қа­зақ жалқау халық» дегенді екінің бірі айтады ғой. Егер біздің жұрт жал­қау, жатыпішер болса, онда бабалардан мынадай өсиет қалмас еді.

Еңбек адамын құрмет тұту, оның жұмысын жұртшылық назарына үлгі етіп көрсету деген дәстүр бар. Соңғы жылдары осы мақсатта Қызылорда облысы ел сүйсінерлік қадамға барды. Солайша, жыл сайын Еңбек әулеттерінің облыстық форумын ұйымдастырып келеді. Би­ыл үшінші мәрте өткен форумның ұр­паққа берер тәлім-тәрбиесі аз емес. Өйт­кені, аймақтың еңбек династиялары қатысқан шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беру. Аймақтағы теміржолшылар, дәрігерлер, ұстаздар, диқандар және өзге де еңбек әулеттері қоғамға жоғары кәсіби маман­дар даярлауға үлкен үлес қосып, ел эко­но­микасының дамуына атсалысып келеді.

Биыл облыста 8 еңбек әулеті жеңімпаз деп танылды. Олардың арасында еңбек тәжірибелері 700 жылдан асатын әулеттер де бар. Мәселен, Әбдірахмановтардың теміржол саласындағы тәжірибесі 752 жыл болса, ұстаздық жолын жалғап келе жатқан Остаевтар әулетінің жалпы өтілдері 800 жылдан асады. Бұл бір әулет бір ғана кәсіппен ғасырлар бойына айналысып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып, өз істерінің шын шеберіне айналды деген сөз.

Форумға қатысқан облыс әкі­мі Қырымбек Көшербаев еңбек династияларын ұлықтаудың, қарапайым еңбек адамдарын құрметтеудің маңызына ерекше тоқталып, шараға арқау болған еңбекші отбасыларын мерекемен құттықтады.

– «Еңбек – әлемнің әміршісі» дейді халық даналығы. Сыр елінің даңқын дала академигі Ыбырай Жақаев бастаған 102 Социалистік Еңбек Ері шығарса, ер-азаматтармен бірдей иық тірестіре еңбек етіп, мемлекет байлығын еселеп өсірген Шырынкүл Қазанбаева, Сәлима Жұмабекова, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспамбетова, Зәкира Ержанова сияқты ақжаулықты аналарымыздың ерен еңбектері бүгінгі жас ұрпақ үшін аңызға айналды. Дала төсін дүбірлеткен Еңбек Ерлерінің жалғасы Сыр елінің перзенттері – кәсіпкер Абзал Ералиев пен денсаулық сақтау саласының майталманы Юрий Пя сынды Еңбек Ерлері –Тәуелсіз Қазақстанның мақтаныштары. Елдің атын шығаратын осындай еңбек дәстүрін жалғаған азаматтар,– деді Қырымбек Елеуұлы.

Форум барысында еңбегі еленген әулеттер әкімнің алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал қатысушылар еңбекші отбасыларының мерейін үстем еткен ел ағаларына алғысын білдірді. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан»

ҚЫЗЫЛОРДА