12 қаң, 2023 сағат 19:12

McDonald’s-тың Қазақстаннан кетуі еңбек нарығына әсер етпейді - министрлік


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек ресурстары орталығының президенті Дәулет Арғандықов McDonald’s Қазақстаннан кетсе, еңбек нарығына қалай әсер ететіні туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Қазақстандағы еңбек нарығының сыйымдылығы едәуір үлкен және мамандардың жұмыс ауыстыруы үздіксіз жүріп жатады. Бізде жылына орта есеппен 2 миллионға жуық адам жұмыс орнын ауыстырады. Яғни, бүгінгі таңда қызмет көрсету саласы мамандарының жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар. Бұл сала онсыз да мамандар көп ауысады. Демек, еңбек нарығына («McDonald’s-тың кетуінен - ред) соншалық үлкен қауіп жоқ. Қызметкерлер жұмыссыз қалғанның өзінде нарық оларды табиғи жолмен сіңіріп алады», - деді орталық президенті.

Сондай-ақ ол аяқ астынан жұмыссыз қалғандарға электронды еңбек биржасына (enbek.kz.) жүгінуді ұсынды.

«Бүгінгі таңда бұл биржада 100 мыңға дейін бос жұмыс орны бар. Ресурста орта есеппен жылына 800 мың бос жұмыс орны және 600 мың түйіндеме жарияланады. Бос жұмыс орындарын тек жұмыспен қамту орталықтары ғана орналастырмайды. Хабарландырулардың 70% жұмыс берушілердің өздері шығарады. Сонымен қатар азаматтарға өз біліктілігін үнемі арттырып отыру керек дер едім», - деді Дәулет Арғандықов.