08 шіл, 2021 сағат 12:15

Мехриддин Хайриддинов: «Қазақстандағы өзбек халқының қалын көруге келдік»


Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Мехриддин Хайриддинов өзбек жұртының жағдайын білуге келгенін ашық айтты. Кеңесші бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйіне Өзбекстан елінің делегациясының келгенінде пікір білдіріп отыр, -  деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Келген делегацияға Достық үйінде орналасқан елорда этномәдени бірлестіктерінің жұмыс кабинетін аралатып, олардың атқаратын қызметтерімен таныстырған Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова Ассамблеяның жұмысы туралы да кеңінен тоқталып өтті.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің бірегей институты ретінде құрылған болатын. Сонымен бірге, мемлекет тарапынан Қазақстанда тұратын әрбір ұлттың ана тілі, тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының дамуына тиісінше қамқорлық жасалып келеді. Мұндай игі қамқорлық бәріне бірдей тең жасалған деп сеніммен айта аламыз. Соның айқын дәлеліндей, бір ғана мысалды атап өтер болсам, ұлы ғұлама Әлішер Науаидің өмір жолы мен шығармашылығына арналған әдеби-мәдени кештерді жыл сайын өткізіп келеміз. Мұнан өзге, елордада әрбір этностың ана тілін дамытуға арналған жексенбілік мектептері бар»,-деді Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова.

Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Мехриддин Акмалович Хайриддинов Қазақстандағы өзбек халқының жағдайын өз көзімен көруге келгенін жасырмады.

«Біз Қазақстандағы өзбек халқының қалын көруге келдік. Тәуелсіз Қазақстан көп ұлтты бір шаңырақ астына сыйдырып отырған қуатты мемлекет. Сондай-ақ, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында зор табыстарға қол жеткізді, осы істерді ұтымды ұйымдастырып, оның іске асырылуына аянбай жұмыс жасап келе жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз екені даусыз. Өздеріңіз білесіздер, биыл Өзбекстан Республикасы да өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығы атап өтеді. Осыған орай елде Президент сайлауы өткізіледі. Елден тыс жүрген жұртқа да сайлауда белсенді болуын сұраймыз», - деді Премьер-Министрінің кеңесшісі Мехриддин Хайриддинов

Айта кетейік, Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Мехриддин Хайриддинов бастаған делагация құрамында Өзбекстан Республикасы Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрінің бірінші орынбасары Эркин Мухитдинов, Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинетінің қызметкері Отабек Ботиржонов, Өзбекстан Республикасы Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрлігі жанындағы сыртқы еңбек көші-қон агенттігі халықаралық ынтымақтастық басқармасының бастығы Равшан Атабаев, ҚР-дағы Өзбекстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикром Ниязходжаев, Өзбекстан Республикасы Елшілігінің көші-қон мәселелері бойынша хатшысы Фарход Махмуджанов, Қазақстандағы Өзбекстан Республикасы Елшілігінің консулы Дилшод Хакимов бар.

«Биыл тәуелсіздігінің 30жылдығын тойлайтын құрдас тәуелсіз мемлекеттердің өзара достығы ерекше. Оған бүгінгі күні жүргізіліп отырған саясат пен дипломаттық қарым-қатынастарды негізге ала отырып, екі елдің барлық азаматтары куә деуге болады. Қазақстан мен Өзбекстанның достығы мен ынтымақтастығы, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық байланыстарын нығайтуға айтарлықтай үлестерін қосып келе жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа шынайы алғыс білдіреміз», - деді Өзбекстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі С.Ниязходжаев.

Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйіне Өзбекстан елінің делегациясы келген болатын. Бұл басқосуда Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Мехриддин Хайриддинов өзбек жұртының жағдайын білуге келгенін ашық айтты. Ал Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова келген делегацияға Достық үйінде орналасқан елорда этномәдени бірлестіктерінің жұмыс кабинетін аралатып, олардың атқаратын қызметтерімен таныстырды. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы туралы да кеңінен тоқталып өтті.