29 қаң, 2024 сағат 11:08

Мектепте парақша таратқан оқушының анасы жауапқа тартылды

Фото: Polisia.kz

Астанада терроризм актісі туралы парақшалар таратқан оқушының ата-анасы жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Медиа-портал мәліметінше, елордалық мектептің мұғалімі 9-сынып оқушысының үзілісте басқа оқушыларға мектеп қабырғасында заңсыз әрекеттерді жасауға шақыратын іс-шаралар туралы парақшалар таратып жатқанын байқағаны туралы ақпаратпен полицияға жүгінген. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы дереу жіберілген. Мән-жайларды анықтау барысында жасөспірім әзіл үшін компьютерде мәтін жазғанын және парақшаларды басып шығарғанын мойындаған.

"Байқоңыр ауданының полиция басқармасы ҚР ҚК-нің 273-бабы 1-бөлігі (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Сонымен қатар оқушының заңды өкілдеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамауы) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен кәмелетке толмағанның анасына айыппұл салынды" - делінген хабарламада.

Полиция департаменті мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын еске салады. Балаларды тәрбиелеу бойынша тиісті шараларды қабылдамағаны үшін ата-аналар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.