01 мам, 2022 сағат 10:37

Мемлекеттік тілде сөйлесем, мені бәрі қазақ деп қалады – Александр Сон


Мемлекеттік тілде сөйлесем, мені бәрі қазақ деп қалады. Шымкент қаласындағы Ұлттық ұланға қарасты 6698-әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген Александр Сон осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Александр Сон – Талдықорған қаласының түлегі.

Александр мемлекеттік тілді жақсы біледі. Өйткені І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша білім алды. Әскерге шақырылғанға дейін өзінің алтын ұя – мектебінде қазақ тілінен дәріс беріп те үлгерді. 

Қатардағы жауынгер А.Пушкин ғана емес, ұлы Абайдың тілінде сөйлегенді мақтан етеді.

«Мен қазақ тілінде сөйлесем, бәрі мені қазақ деп қабылдайды. Бірақ кейбіреулері көзіме қарап, «Кәріс емессің бе?» деп сұрастырып жатады. Менің ойымша, Қазақ елінде тұрғаннан кейін кім-кімнің де мемлекеттік тілді меңгергені жөн. Одан сол адамның абыройы арта түспесе, кемімейді. Қайта ұлтаралық бірлікті нығайту үшін өте қажет. Болашақта Ұлттық ұлан қатарында қызмет етуді жалғастырып, қазақ тілінің әскер арасында кеңінен таралуына өз үлесімді қоссам деймін», дейді А.Сон шынайы көңілмен. 

ҚР Ұлттық ұланы баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Шымкентте 6506-әскери бөлімі де бар. 

Аталмыш бөлім жауынгерлері полиция қызметкерлерімен бірге көше тыныштығын күзетеді. Күн сайын қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жүзден астам сарбаз шығады. 

Жалпы, Шымкентте 15 өңірден оннан астам ұлт өкілдері азаматтық борышын өтеп жүр.