16 там, 2022 сағат 12:35

Министр баласының мектеп формасына қанша теңге жұмсағанын айтты


Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылы қарсаңында баласының мектеп формасына қанша ақша жұмсағанын айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Үкімет кулуарында журналистер сұрағына жауап берген ол мектепке баратын бір баласы бар екенін айтты.

“Осы демалыста ұлымды ертіп, дүкенге бардым. Бірнеше ақ жейде, костюм, шалбар, галстук алдық. Жалпы алғанда 35 мың теңге кетті. Киімдерді “Glassman” сауда үйінен таптық. Елмен бірге кезекте тұрып, барлық отбасы секілді мектепке дайындалып жатырмыз”, – деді Аймағамбетов.

Сонымен қатар, министр әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қатысты шешім қабылдағанын да айтты. 

“Биыл ата-аналар жылдар бойы көтерген мәселенің шешімін таптық. Бұрын оқушыларға жеңі салбырап тұратын, өзіне шақ келмейтін формалар берілетін. Енді формаға кететін қаражатты ата-ананың жеке шотына аударамыз. Биыл қаражаттың ең төменгі деңгейі 37 мың болып бекітілді. Бұл 475 мың баланың мәселесін шешуге көмектеседі”, – деді ол.