11 там, 2016 сағат 10:39

Мырзағали Айтжанов: Ширек финалда Біржан өте нашар бокстасты

- Рио-де-Жанейродағы ХХХІ Жазғы Олимпиаданың бокстың ширек финалдық кезеңінде қазақстандық боксшы Біржан Жақыпов өте нашар бокстасты. Бұл туралы бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов жарыстан кейін, Риодағы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.

- Мырзағали Құланұлы, бүгін бір шәкіртіңіз жеңіліп, бір боксшыңыз жартылай финалға өтті. Осы жайында қысқаша тоқталып өтсеңіз...

- Бүгінгі жекпе-жекте Біржан өте нашар бокстасты. мен олай болады деп ойлаған жоқпын. Себебі, Біржанның тәжірибесі жағынан болса да, физикалық қуаттылығы жағынан болса да, қарсыласын ұтатын мүмкіндігі болып еді. Бірақ, бокста осындай жағдайлар көп кездеседі.

Мүмкіндігі бола тұра қалай жеңіліп қалды?

- Біржанды өздеріңіз білесіздер, үшінші Олимпиадасына қатысып отыр. Биыл қалай да медаль алам деген үміті болды. Өкінішке қарай, медальдың сыңғыры жақындаған сәтте өзін-өзі күйдіріп алды. Өз-өзін басқара алмады, өз-өзін ұстай алмады.

- Оған жарысқа шығар алдында қандай тапсырма бердіңіз?

- Біржанға кеше жаттығу кезінде де, бүгін жарысқа шығар алдында да қалай жұмыс жасау керек екендігін жақсылап тұрып айттым. Өкінішке қарай, бойы кіп-кішкентай боксшыға аяқтан тұрып бере алмады. Қазақша айтқанда, аузы аңқиып, өзін-өзі жоғалтып алды. Бұл орны толмас өкінішті жағдай. Сонша жыл дайындалды. Бір емес, үш Олимпиадаға қатысып отырып, ширек финалда жеңіліп қалу мәңгі өкініш болып қалады-ау.

- Бұл жеңілістің енді орнын толтыру мүмкін бе?

-  Біржан үшін мүмкін емес. Бұл "бұйырмаған" деген сөз. Кейбір бақыт қанша қусаң да жеткізбейді. Үш Олимпиадаға қатысып отырып бір медальға қол жеткізе алмау спортшыға өте ауыр жағдай. Жалпы,  Олимпиада медалі кез-келген спортшыға бұйыра бермейді. Мен бұны тек Біржан ұтылғаннан кейін айтып отырғаным жоқ. Бұл спорт тарихында, бокс тарихында бар нәрсе.

- Біржанның жеңілісі сізге де ауыр тиген болар?

- Мен өз міндетімді орындадым. Құрамадағы 10 боксшыны бірінен бірін артық, не кем көрген жерім болған жоқ. Барлығын бірдей бір уақытта, бір жерде жаттықтырдым. Ешкімнің маған өкпесі жоқ деп ойлаймын. Бірақ, "Біржан жеңілді" деп басымызды салбыратпаймыз. Басқа да жігіттеріміз бар. Енді сол жігіттерімізге Алла күш-қуат берсін. Оларды алдағы жекпе-жектерге тыңғылықты дайындаймыз.

- Ал Василий Левит туралы кішкене тоқтала кетсеңіз...

- Василийдің жұдырықтасу мәнері көңілімнен шықты. Ол алғашқы секундтардан бастап, тізгінді өз қолына алды. Рингтің қожайыны сияқты бокстасты. Ештеңеден қаймықпай, қорғанбай қарсыласын қуып жүріп сабады десем де болады. Ол қазір медальға ілініп тұр. Бірақ, қолда медаль бар деп қанағаттануға қақымыз жоқ. Енді, ары қарай медальдың сапасын жақсартуға жұмыс жасаймыз.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

Күнсұлтан Оразбай, ҚазАқпарат