09 қыр, 2016 сағат 09:57

Назарбаев: Қазiр бүкiл әлем қиын кезеңді бастан кешіріп отыр

Қазiр бүкiл әлемде қиыншылық бар. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада өтiп жатқан ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

«Қазiр ешкімге де оңай соғып отырған жоқ. Ана жолы мен Қытайда әлемнiң ең мықты 20 елi бас қосқан жерге барып келдiм. Жалпы әлемнің тынысын байқадым, өз көзiммен көрдiм. Қазiр барлық жерде қиыншылық бар. Еуропада да, санкцияға байланысты Ресейде де жағдай осындай. Оңтүстігіміздегі Қытайдың өзiнде де ахуал көңіл көншітерлік емес. Біз осындай қиыншылықтан шығуды  ендi үйренiп келе жатырмыз. Мұндай дағдарыстың боларын сезіп, алдын ала тиiстi бағдарламалар қабылдадық. Қазiр олар жұмыс iстеп жатыр. Мәселен, экономика рецессиясына жол берген жоқпыз. Оң өзгерiстер бар. Инвестиция 6 пайыздан артық өстi, жұмыссыздық 5 пайыз деңгейiнде сақталып қалды. Қыруар іс тындырылды. Біз атқарып жатқан шаруаларды қазір қай ел жасап отыр?», - дедi Мемлекет басшысы.

Елбасының айтуынша, жыл басынан берi елiмiзде бюджет қызметкерлерiнiң жалақысы 30 пайызға артқан, жәрдемақы 25 пайыз, зейнетақы 9 пайызға көбейдi. Елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келедi, оларға да көмек көрсетiледi.