30 сәу, 2020 сағат 14:53

Назарбаева: Бізге мемлекеттік саясат басымдықтары туралы бұрынғыдан да салмақты әңгіме қажет

Денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекстің жобасымен жұмыс барысында сенаторлар осы саланың төтенше жағдай кезіндегі проблемалық мәселелерін ескергені дұрыс. Бұл туралы Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Мәлімдемесінде медицинаны дамытуға ерекше көңіл бөлді. Бұл сала ауқымды мемлекеттік қолдауға ие болады. Президент халықтың денсаулығын қорғау жүйесін жақсарту жөніндегі нақты ұсыныстарды қарастыра отырып, халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа Кодекс қабылдауды тапсырды. Осы аса маңызды құжатпен біз, құрметті әріптестер, жақын арада жұмысты бастаймыз. 

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа Кодекстің жобасымен жұмыс істеу кезінде сенаторлар осы саланың төтенше жағдай кезіндегі проблемалық мәселелерін ескергені дұрыс деп санаймын», - деді Д. Назарбаева Сенаттың жалпы отырысында. 

Сонымен қатар ол пандемия қоғамның артықшылықтары мен даму құндылықтарын түбегейлі өзгерткенін атап өтті.

«Азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау әрқашан мемлекеттік саясаттың негізгі мәселесі болып келген, бірақ бұл міндет қазіргідей өткір болған емес. Осыдан келіп барша қоғам еліміздегі медицинаны дамыту стратегиясына айрықша назар аударып отыр. Біз еліміздің жүйе қалыптастырушы кәсіпорындар тізімінің жобасын көрдік. Оның құрылу принциптеріне қатысты депутаттар өз пікірлерін ашық айтты. Бірақ мынадай сұрақ туындайды – осы тізімде медициналық маска немесе дезинфекция құралдарын шығаратын тым болмағанда бір кәсіпорын бар ма? Ал Президенттің тапсырмасы бойынша отандық тест-жүйелерін, иммунды биологиялық препараттарды өндіретін, короновирус инфекциясына қарсы вакцина шығаруға дайын кәсіпорындар қайда? 

Мұнай мен пайдалы қазбалардан табыс азайған жағдайда, біз расында да бұдан әрі осы өмірлік маңызы бар тауарларды валютамен импорттауды жалғастырмақпыз ба? Бүгін бұл тіптен риторикалық сұрақтар емес. Қазіргі кезде бізге мемлекеттік саясат басымдықтары туралы бұрынғыдан да салмақты әңгіме қажет, атқарушы биліктің проблемалары мен жоспарлары жария және ашық түрде талқылануы керек», - деді Дариға Назарбаева.