17 мам, 2024 сағат 12:15

Неліктен президент туған күнін атап өтпейді?

Сурет: Ақорда

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні. Ол 71 жасқа толды.  

Баршаға мәлім, президент өз туған күнін атап өтпейді. Бұл оның отбасында бұрыннан қалыптасқан дәстүр. 

«Ол бұл күнді атап өтуді ұнатпайды, себебі оның отбасында балалардың да, ата-аналардың да туған күндері атап өтілмейді. Бұл президенттің түбегейлі ұстанымы», — деген еді оның бұрынғы баспасөз-хатшысы Руслан Желдібай.

Тоқаев 17 мамырды қалыпты жұмыс күні деп есептейді. Былтыр мемлекет басшысы осы күні Қытайға іс-сапармен барған болатын.

Қасым-Жомар Кемелұлы Тоқаевтың қысқаша өмірбаяны:

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы. 1953 жылы 17 мамырда Алматыда туған. 

Әкесі Кемел Тоқаев (1923-1986) Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі қазақ жазушысы болған. Анасы Тұрар Шабарбаева (1931-2000) Алматы шет тілдер педагогикалық институтында жұмыс істеген.

1992 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды. 1993 жылы сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, 1994 жылы сыртқы саяси ведомствоның басшысы болды. Тоқаев сыртқы істер министрлігін бес жыл басқарды. 

1999 жылдың наурызында премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Ал 1999-2002 жылдары Қазақстан үкіметін басқарған. 2002 жылдың қаңтарында отставкаға өтініш берді, кейін Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. 

Тоқаев бас-аяғы он жыл Қазақстанның сыртқы істер министрі болды (1994 – 1999, 2002 – 2007). Сыртқы саяси ведомствоның басшысы ретінде ядролық қаруды таратпау ісіне белсене атсалысты. Бұрынғы дипломаттар Тоқаевты "ел дипломаттарының жетекшісі, халықаралық дипломатияда салмағы бар тұлға" деп бағалайды.

2007-2011 жылдар аралығында ҚР Парламенті сенатының төрағасы қызметін атқарды. 

2011 жылдың наурызында Тоқаев БҰҰ бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры, сондай-ақ Қарусыздандыру жөніндегі конференцияның бас хатшысы болып тағайындалды. 

2013 жылдың 16 қазанынан бері – Парламент сенатының төрағасы. 

2019 жылғы 20 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті ретінде ант қабылдады.

2019 жылы 9 маусымда өткен кезектен тыс Президент сайлауында 70,96 пайыз дауыс жинап, Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. 2019 жылы 12 маусымда ҚР Конституциясының 42-бабына сәйкес ант беріп, ресми түрде сайланған Президент ретінде Мемлекет басшысының лауазымына кірісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 20 қарашасында өткен кезектен тыс президент сайлауында 81,31% дауыс жинап, жеңіске жетті. 2022 жылы 26 қарашада Қазақстан Республикасы Президентін салтанатты ұлықтау рәсімі өтті.

2021 жылы сәуір айынан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы. 2022 жылы қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы. Төтенше және Өкілетті Елші. Саяси ғылымдарының докторы. Дүниежүзілік гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі. Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы «Ғұламалар кеңесінің» мүшесі. Шэньчжэнь университетінің (ҚХР) және Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті профессоры. Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің құрметті президенті. Женева Дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің құрметті деканы. Ресей биографиялық қоғамының тұжырымы бойынша 2018 жылдың «Жыл адамы» лауреаттарының тізіміне енген. 13 жыл бойы Қазақстанның үстел теннисі федерациясын басқарды.

Халықаралық қатынастар мәселелеріне арналған 10 кітаптың авторы.

Қазақ, орыс, ағылшын, қытай және француз тілдерін біледі.

Белгілі саясаткердің хоббиі – кітап оқу. Мемуарлық, тарихи және көркем әдебиеттерді сүйіп оқиды.

Белгілі саясаткер "Твиттер" әлеуметтік желісін белсенді қолданатындардың қатарынан. Елдегі және әлемдегі маңызды оқиғаларға қатысты пікірін желіде үнемі білдіріп отырады. 

Отбасы 

Ажырасқан, бір баласы бар. Ұлы Тимур Тоқаев 1984 жылы Мәскеуде туған, Швейцариядағы "Коллеж дю Леман" және Вебстер университетінде білім алған. Саяси ғылымдар кандидаты.