28 қар, 2025 сағат 15:31

Мемлекет басшысы аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралауды тапсырды

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөз сөйледі, деп хабарлайды Ult.kz.

Президент әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші екенін, бұл – өте жауапты жұмыс екенін ұмытпауды тапсырды. Ауыл әкімі ауылдың болмысын, ауылдағы ағайынның өмірін жете түсінетін нағыз іскер маман болуы керек.

"Ал аудан әкімдерін сайлауға қатысты әртүрлі көзқарас бар. Бірқатар қоғам қайраткері мен белсенді азаматтар «аудан әкімдерін сайлау қажет пе, жоқ па» деген мәселені қайта қарауды ұсынуда. Бұл мәселені Ерлан Саиров, Альберт Рау, Мархабат Жайымбетов бастаған депутаттар да көтерді.
Олар елде сайлау тым көбейіп бара жатқанын, жұрт саяси науқандардан мезі бола бастағанын айтуда. Бұл пікірді ауыл және аудан тұрғындары да қолдап жатыр. Сайлау науқандары жергілікті жерде жүргізілуге тиіс нақты жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін деген пайымдар да бар. Бұл пікірлерді ескерген жөн", - деді Президент.


Ол осыған дейін аудан әкімдерін сайлау тәсілі арқылы 52 әкім сайланғанын атап өтті. Енді олардың қалай жұмыс істейтінін қарап көру қажет.

"Аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау керек. Мәселе – аудан әкімдерінің сайлауын міндетті түрде өткізу емес, басты мақсат: біз оң нәтижелерге қол жеткізуіміз керек. 
Үкімет және Парламент депутаттары бірлесіп, осы мәселені жан-жақты қарап, әділетті, дұрыс шешім қабылдауы қажет. Ең бастысы, әрбір реформа салмақты көзқараспен, байыппен жасалуы керек", - деді ол.


Сондай-ақ Президент ауыл әкімдері міндетті түрде білікті маман болуға тиіс екенін атап өтті. 

"Қазіргі ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы осы қызметке алғаш рет сайланды. Бұл – жергілікті билік құрамы біршама жаңарды деген сөз. Алайда сайлауда жеңіске жету – алдағы үлкен жұмыстың басы ғана. 
«Әкім болдым, толдым» деп отыруға болмайтыны түсінікті. Әкімдер өздерінің мықты басшы екенін іс жүзінде дәлелдеуі керек. «Басшының бағы – ел-жұрттың қамы» деп бекер айтылмаған. Нағыз елге сыйлы әкім болу үшін ауылдың ахуалын жақсы білу де аздық етеді. Халықтың сенімін ақтап, елдің береке-бірлігін нығайту үшін жұмыс істеу керек", - деді Мемлекет басшысы. 


Осыған байланысты университеттерде оқытылатын «Мемлекеттік және жергілікті басқару» бағдарламасын талапқа сай өзгертуді тапсырды. 

"Ауыл-аймақтарды басқару, көшбасшылық қабілетті дамыту мәселесі назардан тыс қалған. Ал бұл жұмыспен ең алдымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі шұғылдануы керек. Құзырлы министрлікпен бірлесіп, ауыл әкімдерін даярлауға белсенді түрде кірісу қажет", - деді ол.