11 там, 2016 сағат 01:09

Қазақстан қоржынына алғашқы алтын жүлде түсті

Рио-де Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан  Нижат Рахимов алтын медальға ие болды, деп жазады "Ұлт ақпарат".

Ерлер арасында 77 келі салмақта өнер көрсететін отандасымыз серпе көтеру сынында 165 келіні еңсеріп, үшінші орыннан көрінді. Оның қарсыластары армениялық Андраник Карапетян 174 келіні еңсерсе, қытайлық атлет Люй Сяоцзюнь 177 келіні басынан асырды. Осылайша, алғашқы бәсекеде жерлесіміз бірінші орындағы спортшыдан 12 келіге артта қалды.

Жұлқа көтеру сынында қытайлық спортшы 202 келіні бағындырып алға шыққан еді. Алайда Нижат 214 келіні көтеріп, жеңісті жұлып алды. Қоссайыс қорытындысы бойынша отандасымыз 379 келімен алтын жүлдені қанжығаға байлады.

Қытайлық атлет пен қазақстандық спортшы бірдей салмақты еңсергенмен, Нижаттың салмағының кемдінен жеңіс біздің зілтеміршіге бұйырды.

Нижат Рахимов – Әзербайжан елінің тумасы. Ол 2010 жылы осы елдің құрамасы сапында Сингапурде өткен жасөспірімдер арасындағы бірінші Олимпиялық ойындардың чемпионы атанса, 2013 жылы жасөспірімдердің әлем чемпионатында топ жарды. Ал 2013 жылы Қазанда өткен Универсиадаға Әзербайжанның туын көтеріп барып, жарыста еш орынсыз қалып еді. Ол Қазақстан құрамасына 2014 жылдың ақпан айында келді.

Нижаттың алтын жүлдесінен кейін Қазақстан құрамасы жалпы есепте 12-орынға көтерілді. Әзірге ел құрамасы спортшылары 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медальға ие болды.

Ұлт порталы