19 сәу, 2026 сағат 13:08

Нөсердің зардабы: Маңғыстауда жүздеген жылқы батпаққа батып қырылды


Фото: lada.kz


Маңғыстау облысында ауа райының күрт бұзылуы ауыр салдарға әкелді. Нөсер жауыннан кейін жүзден астам жылқы қырылып, тұрғындар дабыл қағуда, хабарлайды Ult.kz Lada.kz басылымына сілтеме жасап.


Маңғыстау облысында толассыз жауған жаңбыр салдарынан жылқылар жаппай қырылды. Табиғи апаттың салдары әсіресе Ақшымырау ауылы маңында айқын байқалған.


Жергілікті тұрғындардың айтуынша, нөсерден кейін малды су ағызып әкетіп, сортаңды, батпақты аймақтарға түсірген. Соның салдарынан көптеген жылқы тұзды батпаққа батып өлген, ал кейбірі әлі күнге дейін шыға алмай жатыр.


Әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерге сәйкес, әр шаңырақ бірнеше бастан он басқа дейін малынан айырылған. Тұрғындар төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті биліктің шұғыл әрекет етпесе, жағдай одан әрі ушығуы мүмкін екенін айтады.


Осыған байланысты олар мәселені заң шығарушылар мен жануарларды қорғау ұйымдарының назарын аударуды сұрап отыр.


Маңғыстау ауданы әкімдігінің хабарлауынша, жағдайды бағалау үшін арнайы комиссия құрылған. Алдын ала дерек бойынша, 100-ден астам жылқы қырылғаны анықталған. Дегенмен нақты шығын көлемі әлі нақтыланып жатыр, себебі мал иелері түлікті толық есептеп үлгермеген.


Мамандардың болжамынша, апатқа екпінді жел мен нөсер жауын себеп болған. Бағдарынан жаңылған жылқылар алыс, жетуі қиын аумақтарға кіріп кетіп, батпақта қалып қойған. Кейбір үйірлер елді мекендерден 60–80 шақырым қашықтықта табылған.


Қазіргі уақытта салдарды жою жұмыстары жүріп жатыр. Аймаққа төтенше жағдайлар қызметі, жергілікті атқарушы органдар және ірі кәсіпорындардың техникасы жұмылдырылған. Суды сору және қалпына келтіру шаралары күшейтілген режимде жүргізілуде.