18 қар, 2022 сағат 19:36

Нұрлан Әуесбаев үгіт-насихат кампаниясы жоғары деңгейде өткенін айтты


Бүгін ҚР Президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан кандидат Нұрлан Әуесбаев Республикалық сайлауалды штаб кеңсесінде бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен кездесу өткізді, деп хабарлайды ЖСДП баспасөз қызметі.

Жиын барысында сайлауалды кампанияның қорытындылары шығарылды.

Кампания шеңберінде Қазақстанның барлық облыстарында аймақтық сайлауалды штабтары ашылғаны мәлімделді. 

Кандидаттың сайлаушылармен жеке, сонымен бірге еңбек және өзге ұжымдарындағы кездесулері секілді үгіт-насихат шаралары өткізілді. 


Одан бөлек елордада Нұрлан Әуесбаевтың қатысуымен тығыз құрылысқа қарсы митинг өткізілді.

БАҚ-та үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Республикалық және аймақтық телеарналарда үгіт-насихат роликтері көрсетілді. 3 танымал радиостанцияда үгіт-насихат аудиороликтер ойнатылды.

Республикалық және аймақтық баспасөзде сайлауалды бағдарлама, кандидаттың және оның сенімді өкілдерінің сұхбаттары, Әуесбаев жөнінде мақалалар жарияланды. 


ҚР Президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан кандидат Нұрлан Әуесбаев өз кезегінде сенімді өкілдеріне, штаб мүшелеріне, партия белсенділері мен волонтерларға атқарған жұмыстары үшін алғысын білдірді.

Нұрлан Әуесбаев үгіт-насихат кампаниясы өте жоғары деңгейде өткізілді деп санайды.