26 қыр, 2016 сағат 06:32

«Нұрлы жер»: Ақтөбедегі ауыл халқы жер телімдерін алды

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданының халқына 297 жер телімін беру жоспарланған. Оның 257-і аудан орталығына, өзгесі ауылдарға тиесілі. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев ауданға сапары кезінде жер алу үшін 10 жыл бойы кезек күтіп жүрген тұрғындарға құжаттарын тапсырды, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Ақтөбенің Әйтеке би ауданында 26 мыңнан астам адам тұрады. Оның 900-ге жуығы жер телімін алып, үй салуға арыз берген екен. Алғашқылары осыдан 10 жыл бұрын жоспар құрғанымен, жер телімі биыл таратылып жатыр.

«Осыдан 25 жыл бұрын біз ойлаған жоқ едік, Комсомол кентінде темір жол салынады, орталықтандырылған су құбыры тартылып, газ келеді, заман талабына сай тас жол төселеді деп. Біз тәуелсіздігіміздің арқасында өз байлығымызды өзіміз пайдаланып, өзіміздің экономикалық саясатымызды жүргізіп жатырмыз. Халық тұрмысының жақсаруына байланысты үкіметке, жергілікті билік өкілдеріне тапсырма берілді. Жер аламын деген адамға жер беріп, инфрақұрылымын жасауды міндеттеді. Әйтеке би ауданында 900-ге жуық адам жер алуға арыз берген екен. Келер жылы жер кезегіндегі барлық адамға жер учаскесі беріп, үй салуына мүмкіндік жасалуы қажет»,-дейді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Өңір басшысы жастарға үлкен үміт артатынын айтып, ерінбей еңбек етуге шақырды.

Жер телімі құжатын алғандардың бірі Байрамбай Патшаев. Ол 10-жылдан астам уақыт бойы жер ала алмай жүр.

«Мен 2005 жылдан бері Әйтеке би ауданының тұрғынымын. Отбасымызбен теміржол саласында еңбек етіп жүрміз. Біз тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында қуанышқа кенеліп отырмыз. Елбасымыздың көреген саясатының, «Нұрлы жер» бағдарламасының арқасында биыл жер телімінің құжаты тапсырылды. Қуаныштысы, жер учаскесінде газ, жарық, су бар»,- деді аудан тұрғыны Байрамбай Патшаев.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында 130 мыңнан астам адам жер кезегінде тұр. Басым бөлігі Ақтөбе қаласына үй салуды мақсат еткен.

«Ауданда биыл 288 жер телімі дайын тұр. Электр желісі тартылып, су құбыры жүргізілді. Газ да келіп жатыр. Ал 2017 жылға 251 жер телімі дайындалды»,- дейді Әйтеке би аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сәулет, қала құрылысы бөлімінің бас маманы Ерлан Шағатаев.