21 қаң, 2022 сағат 17:48

Нұрсұлтан Назарбаев қоры "Қазақстан халқына" 500 млн теңге аударды


Нұрсұлтан Назарбаев қоры "Қазақстан халқына" қорына 500 миллион теңге аударды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы тапсырмасы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев қоры "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорына 500 миллион теңге аударды", - делінген хабарламада.

Нұрсұлтан Назарбаев қоры – дарынды жастарды қолдау, ерекше қажеттілігі бар балаларға сауықтыру жобаларын жүзеге асыру, мемлекеттік тілді қолдау, қайырымдылық көмек көрсетуге арналған коммерциялық емес ұйым.

Айта кетері, Президент "Қазақстан халқына" қорын құру туралы 11 қаңтарда мәлімдеді. "Бұл - барлық қазақстандықтардың қоры. Бұл - халық қоры. Ол әкімшілік немесе Үкіметке қарасты жұмыс істемейді", - деді Мемлекет басшысы.

15 қаңтарда қорды Болат Жәмішев басқаратыны белгілі болды. Ал 16 қаңтарда қамқоршылық кеңес мүшелері сайланды.