29 сәу, 2024 сағат 13:21

Оларға халық пен әйелдің құны көк тиын — журналист Бишімбаевтың ата-анасы туралы

Сурет: Qaz365.kz

Әйелін ұрып өлтірді деп айыпталып жатқан Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы Уалихан Бишімбаев пен Альмира Нұрлыбекова ресейлік коуч Наталья Грейске сұхбат берді. Қазірге дейін сұхбатты 182 мыңнан астам қараған. Сұхбатта ата-анасы ұлының тұрмыстық зорлық-зомбылықтың не екенін білмей өскенін айтады. 

Журналист Баян Хасанова сұхбатқа қатысты өз пікірін білдіріп, Бишімбаевтың ата-анасы қай жерде қателескенін жеткізіпті. 

Сөзбе-сөз:

Сұхбаттан түсінгенім, біріншіден, бұл адамдар өзін қазақстандық орыстілді “элита” санайды. Өздері сияқты біздің қоғам әлі де ресейліктерден ығады, олардың эксперттерін құдайдай көреді, бізде олардың беделі бар деп ойлайды. Олар бізде қоғамдық сананың өскенін, әлеммен бірге қазақстандықтар да ресейдің әрекеттерін (соғыс, аннекция, шовинизм) айыптайтынын, ұлттық проблемаларды орыстарды араластырмай шешуге көшкенін, ресейді керек қылмайтынын түсінбейді, білмейді немесе мойындағысы келмейді.

Екіншіден, марқұм Салтанатты түрлі-түрлі тәсілдермен айыптау арқылы, өкінішке қарай, әлі де көп ер адамда (әйелдерде де) бар  “ашкөз, ішетін, шегетін, түске дейін ұйықтайтын әйел - оңбаған әйел, өлсе обалы жоқ”, “өзі соған жеткізді”, “бұзылған әйелді өлтіріп тастау керек”  деген кертартпа пікірге басымдық бере отырып, бишімбаевты жақтаушыларды көбейтіп жатырмыз деп ойлайды. Әрине, бұл манипуляцияға еріп жатқандар бар екенін, тағы бір өкініштісі, қазақтілді ортадағы белгілі адамдардың аузынан да, пікірлер алаңынан да естіп-оқып байқар жүрміз. Тағы бір ойым, Бишимбаев сотына қызықпағандардан сақтану керек екен. Өйткені олар өзі сеніп келген түсініктер тас-талқан болады, сүйенер тірегім, қарманар талым қалмайды деп қорқады. Өзгеруден қашады. Бишимбаевтың кісі өлтіргенін ақтамаймын деп алып, іштей Салтанатты айыптайды олар. Құқықтық санаға мүлде ұмтылмайды деп топшыладым.

Үшіншіден, сұхбатта пайғамбар жасына келіп қалған екі адамның “ақша, материалдық дүниеден” өзге жөні түзу сөздің шықпауының өзі олардың қазақ қоғамында құндылықтар ауысып жатқанынан, халық олар ойлағаннан әлдеқайда сауатты екенінен бейхабарлығын білдіреді. Бұл адамдар қазақ қоғамымен бұған дейін мүлде санаспаған, оның немен тыныстап, қалай өмір сүріп жатқанын білмеген, шыны керек, көзіне де ілмеген. Өзін Жердегі жарты құдай санаған. Проблеманы шешудің тетігі - ақша деп білген.

Тоқетері, олар Әйел мен Халықтың тағдырына бірдей қараған. Екеуінің де құқын таптай салуға болады деп санаған.


Бұл оқиғада Салтанат марқұм Жерге үлкен миссиямен келген деген ой түйдім. Ол тек қана зорлық көріп жүрген мыңдаған әйелдің қақын алып берген жоқ. Сондай-ақ қоғамның көп нәрсеге көзін ашты. Құндылығы өзгерген, теңдікке ұмтылған (әйел мен ер адамның ғана емес, әлеуметтік теңдік те бар), әділетке жаны құмар адамдардың басын біріктірді. Қаншама адамның патриархал санасының өзгеруіне ықпал етті, етіп жатыр. Бұл бұрын басталған процесс еді. Салтанат оны жеделдетті.

Қазір біздің қоғамда эмпатиясы жоғары, зорлыққа төзбейтін, өресі биік, гендерлік теңдік түсінігі қалыптасқан жастар өсіп келеді.

Біз Қазақстанның талай табиғи байлығын ұрылар қолды қылып жатқанда үнсіз ғана келіскен, қақымызды сұрауға дәтіміз жетпеген буынбыз ғой. Ең болмағанда балаларымызға зорлықсыз, әділетті, адам құқығы сақталатын қоғам қалдырайық.