02 мам, 2024 сағат 16:05

Өнім бар, сапа бар, бірақ мемлекеттен қолдау жоқ — депутат отандық өндірістің мәселесін көтерді

Фото: Мәжіліс баспасөз қызметінен

2 мамырда өткен Мәжіліс отырысында депутат Мархабат Жайымбетов басқа елдерден келетін өнімдердің бағасы арзан болғанымен, сапасы отандық сүт өнімдерімен салыстырғанда бірнеше есе төмен. Бұл үдеріс отандық өнімдердің бәсекелестігін төмендетуге және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізетінін айтып өтті. 

Ол өз сөзінде өнім берушілер көп жағдайда Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше елдерден және өзге мемлекеттерден шығарылатын өнімдерді алып келуі мүмкін екенін де айтты. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуларда отандық тауарлардың үлесін арттыру туралы да мәселе көтерді.

Депутат сауалының толық нүсқасы:

Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрдің 
орынбасары 
С.М. Жұманғаринге
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Серік Мақашұлы!
Президент: «Өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін деңгейге жетуіміз керек» деді. Ал, отандық өнімді қолдау – мемлекеттің басым бағыттарының бірі.
Аймақтағы кездесуімде шаруалар отандық өнімге қатысты біршама мәселені көтерді. 
Солардың бірі - мемлекеттік сатып алуды реттейтін нормативтік -құқықтық актілерде «сүт өнімдері» ұлттық режимнен алып қою тізіміне енгізілмеуі.
Осының салдарынан сүт өнімдерін өндіруші болып табылмайтын, арада делдал ретінде жұмыс жасайтын өнім берушілер мемлекеттік сатып алулардың жеңімпазы атану фактілері жиілеуде. 
Атап өтетін жайт, басқа елдерден келетін өнімдердің бағасы арзан болғанымен, сапасы отандық сүт өнімдерімен салыстырғанда бірнеше есе төмен. Бұл үдеріс отандық өнімдердің бәсекелестігін төмендетуге және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізетіні сөзсіз. 
Өз кезегінде, бұл өнім берушілер көп жағдайда Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше елдерден және өзге мемлекеттерден шығарылатын өнімдерді алып келуі мүмкін.
Мемлекет Басшысы әр Жолдауында мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларында отандық тауарлардың үлесін арттыру мәселесін қозғағанымен, бұл тапсырма атқарушы билік тарапынан 
өз деңгейінде орындалмай келеді. 
Сонымен қатар, кейбір саланың мемлекеттік сатып алу жүйесіне кәсіпорынның отандық өндіруші мәртебесін куәландыратын құжат мехнизімін енгізу қажетпіз. 
Яғни, бұл құжатты алу үшін кәсіпкер техникалық, технологиялық, ресурстық мүмкіндіктері бар екенін көрсетуі және тауар өндіруге шамасы жететіндігін дәлелдеуі тиіс.
Егер, мемлекеттік сатып алулардың жеңімпазы тек қана өндірістік сертификатқа ие кәсіпкерлер арасынан анықталған жағдайда, тапсырыс берушілерге сапалы сүт өнімдері жеткізіледі және нарықтағы делдал мекемелердің саны азаятын болады.
Байқасаңыз, өнім бар, сапа бар, бірақ неге мемлекет тарапынан қолдауға келгенде келте боламыз? «Отандық өнімді қолдау керек, жергілікті өнімге мән берілсін» деген бастамалар құр жария сөзге айналмауы тиіс. Әр сөз іспен дәлелденсе, құба-құп болар еді. 
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы отандық өнім өндірушілердің мәселесін және ұлттық бизнестің мүддесін өз бақылауынан қалдырған емес.
Осы айтылғандарды негізге ала отырып, сүт өнімдерін ұлттық режимнен алып қою тізіміне енгізу мәселелерін қарастыруды ұсынамын.
Сондай-ақ, жосықсыз импорттаушылар тарапынан демпинг фактілеріне тергеу жүргізіп, қажет болған жағдайда шикі сүт пен оның концентратын әкелуге тыйым салу қажет. 
Депутаттық сауалға заңда белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен, 
«AMANAT» партиясы 
фракциясының депутаттары