21 қаз, 2022 сағат 18:35

Орталық сайлау комиссиясы үш кандидатты тіркеуден бас тартты


Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында Президенттікке ұсынылған Бақыт Жаңабаевтың, Нұржан Әлтаевтың және Жұматай Әлиевтің кандтидатурасын тіркеуден бас тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бақыт Жаңабаев үміткерлерді тіркеудің соңғы сәтінде құжат тапсырған болатын. Оның кандидатурасын «Қазақстан әуесқой футболшыларының» қоғамдық бірлестігі ұсынған.

«Аумақтық сайлау комиссияларының хаттамаларына сәйкес, қолдауға 58 889 қол жиналды, тексеру нәтижелері бойынша 4 054 қол танылды. Бұл сайлаушылардың жалпы санының 1%-дан азын құрайды. Осылайша, «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 56-бабы 2-тармағының кандидатты қолдауға сайлаушылар қолының қажетті саны туралы талабы орындалмады», - деді ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина отырыс барысында.

Сонымен бірге, ОСК мүшесі Шавкат Өтемісовтың айтуынша, Нұржан Әлтаев 2022 жылы 6 қазанда «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінен кандидат ретінде ұсынылды. Кандидаттың заңнама талаптарына сәйкестігін анықтау үшін тиісті мемлекеттік органдардан мәліметтер, сондай-ақ лингвистикалық комиссия қорытындысы алынды.

«2022 жылғы 11 қазанда ОСК-ға «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің жалпы отырысының ҚР Президенттігіне кандидат ұсыну жөніндегі 2022 жылғы 6 қазандағы №19 хаттамасының қолданылуын сот шешімі заңды күшіне енгенше тоқтату туралы Астана қаласы Байқоңыр аудандық сотының 2022 жылғы 11 қазандағы дереу орындауды талап ететін ұйғарымы келіп түсті. Орталық сайлау комиссиясында «ҚР Сайлау туралы» Конституялық заңының 54-бабы 2-тармағы негізінде Президенттікке кандидаттың Конституцияда және «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңда оған қоятын талаптарға сәйкестігін, оның ішінде кандидатты ұсыну туралы республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғарғы орган отырысының хаттамасынан үзінді көшірме негізінде белгілеу өкілеттігі берілген», - деді Өтемісов.

Орталық сайлау комиссиясы соттың ұйғарымын орындай отырып, 2022 жылғы 12 қазанда «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңының 12-бабының 17-тармақшасын басшылыққа ала отырып, Президенттікке кандидат Н. Әлтаевтың сәйкестігін белгілеу рәсімін тоқтата тұрған болатын.

«Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің жоғары органының 2022 жылғы 6 қазандағы №19 ҚР Президенттігіне кандидат ретінде Н. Әлтаевты ұсыну туралы хаттамасы Астана қалалық Байқоңыр аудандық сотының 2022 жылғы 17 қазандағы шешімі бойынша жарамсыз деп танылуына байланысты Орталық сайлау комиссиясында ҚР Президенттігіне кандидат ұсыну туралы қолданыстағы құжаты жоқ деп танылады. Сол себептен Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің қарауына тіркеуден бас тарту туралы тиісті хаттама мен қаулы жобасы дайындалып, ұсынылды», - деді Шавкат Өтемісов.

Отырысқа қатысушылар Нұржан Әлтаевты ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулыны қабылдады.

«Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі атынан ұсынылған Жұматай Әлиев сайлаушылардың қажетті қолын жинай алмады және денсаулық жағдайы талапқа сай келмеді.

«Жұматай Әлиев кандидаттың активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсырғаны туралы анықтаманы және денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындыны ұсынды. Бірақ денсаулық жағдайы туралы медициналық тұжырымдама талаптарға сәйкес келмейді», - деді отырыс барысында ҚР ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова.

Спикер аумақтық сайлау комиссияларының хаттамаларына сәйкес, Ж. Әлиевті қолдау мақсатында 20 өңірден 187 723 қол жиналғанын атап өтті.

«Тексеру нәтижесінде 36 776 қол сенімді деп танылды. Бұл сайлаушылардың жалпы санының 1%-дан азын құрайды. Осылайша, сайлау туралы Конституциялық заңның 56-бабы 2-тармағының кандидатты қолдауға сайлаушылар қолының қажетті саны туралы талабы орындалмады», - деді ол.

ОСК мүшелері Жұматай Әлиевті ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулы қабылдауға дауыс берді.

Айта кетейік, бүгін сағат 18.00-де президенттікке үміткерлерді тіркеу аяқталып, кандидаттар сайлау алдындағы үгіт жұмыстарына кірісті.