13 қаз, 2022 сағат 12:47

ОСК президенттікке ұсынылған үш кандидатты тіркеуден бас тартты

коллаж: Tengrinews.kz

Бүгін Орталық сайлау комиссиясы президенттікке ұсынылған үш бірдей кандидатты тіркеуден бас тартты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Комиссияның қаулысына сәйкес, "Асар" бірлестігінен Хайролла Ғабжалилов, "Тәжірибелік психология" республикалық қоғамдық бірлестігінен Фатима Бизакова және Қазақстан құрылысшылары одағынан ұсынылған Талғат Ерғалиевтің кандидатурасы "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сай келмейді.

Айта кетейік, Ғабжалиловтің кадидатурасын «Оралмандардың «Асар» бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі 11 қазанда ұсынған болатын.

ОСК мүшесі Асылбек Смағұловтың баяндауынша, Хайрулла Ғабжалилов ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркелу үшін тиісті барлық құжаттарды тапсырған. Кейін үміткер туралы деректерді тексеру үшін ІІМ, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік, Әділет министрлігі және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен ақпарат сұратылған. Нәтижесінде кандидаттың мемлекеттік қызмет өтілінің болмауына байланысты «ҚР сайлау туралы» Конституциялық Заңының 54-бабы, сондай-ақ 59-бабы 7-тармағының 3-тармақшасына сәйкес қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған.

Осылайша, үміткерді тікеуден бас тарту туралы шешім көтерілді. Оны Орталық сайлау комиссиясының мүшелері бір ауыздан мақұлдады.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұловтың айтуынша, ҚР ІІМ деректеріне сәйкес Хайрулла Ғабжалилов ҚР азаматы емес және Қазақстанда соңғы 24 жыл тұрмаған.

Ал, Талғат Ерғалиевтің кандидатурасын «Қазақстан құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігі 10 қазанда ұсынған еді.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерманның айтуынша, үміткер Қазақстан құрылысшылар одағы жоғары органы отырысының президенттікке ұсыну туралы хаттамасынан үзінді, өмірбаян деректері, Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және жоғары білімі туралы дипломының көшірмесін тапсырған.

Қабылданған құжаттарды арнайы органдар арқылы тексеру барысында Талғат Файзуллиұлы Ерғалиевтің мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі жеткіліксіз екені анықталған. Оның мемлекеттік органдарда жұмыс тәжірибесі 3 жыл 4 ай. Сонымен қатар оның кандидатурасын заңды ұйым ұсынған. Талапқа сәйкес, ҚР Президенттігіне үміткер азамат сайлауға заңды ұйым атынан түспеуі тиіс. Осыған сай, Талғат Ерғалиев ҚР «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 55-бабы 1-тармағының ережелеріне сәйкес келмейді деп танылды. Тиісінше, ОСК үміткерді тікеуден бас тарту туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы отырысында «Тәжірибелік психология» қоғамдық бірлестігі ұсынған кандидат Фатима Бизақованың талап етілген барлық құжаттарды тапсырғаны аталып өтті. Кейін деректерді растау мақсатында ОСК Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктен, Әділет министрлігінен және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен, Ішкі істер министрлігінен ақпарат сұратқан.

Нәтижесінде Фатима Бизақованың мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі жоқ екені анықталған. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы оның кандидатурасын ҚР «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 54-бабында көзделген ережелерге сәйкес емес деп таныды. Сәйкесінше, құзырлы орган Фатима Бизақованы ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тікеуден бас тарту туралы шешім қабылдаған.

Айта кетейік, Конституция және "Сайлау туралы" Конституциялық заң бойынша президенттікке үміткер бірнеше талапқа сай болуы қажет. Олар:

  • тумысынан Қазақстан азаматтығы болуы;
  • Қазақстан аумағында соңғы 15 жыл бойы тұруы;
  • жоғары білімінің болуы;
  • жасы 40-қа толған болуы;
  • белсенді сайлау құқығының болуы;
  • мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;
  • мемлекеттік тілді еркін меңгеруі.

Айта кетері, осы уақытқа дейін 6 кандидат талапқа сай деп танылды. Олар: Мейрам Қажыкен ("Аманат" кәсіподақтар бірлестігі), Қасым-Жомарт Тоқаев (Халықтық коалиция), Жигули Дайрабаев ("Ауыл" партиясы), Нұрлан Әуесбаев (ЖСДП), Қарақат Әбден (Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы) және Салтанат Тұрсынбекова (Қазақ аналары — дәстүрге жол" қоғамдық бірлестігі). Қасым-Жомарт Тоқаев кандидаттың куәлігін алып үлгерді.