12 қаң, 2023 сағат 09:47

Өзбекстанда қауіпті деп танылған өнім Қазнетте сатылып жатыр

Көрнекі сурет: gastronom.ru

Өзбекстанда тыйым салынған арықтауға арналған капсулалар Қазақстанда еркін сатылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.

Бұған дейін Fatzorb капсулалары Өзбекстанда қауіпті деп танылған болатын. Бұқаралық ақпарат құралдары мәліметінше, оның құрамында күшті әсер ететін сибутрамин бар.

Бұған дейін бұл биологиялық белсенді қоспаның Қазақстанда тіркелгені белгілі болды. Алайда мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің бірыңғай тізілімінің деректеріне сәйкес, 2021 жылғы маусымнан бастап тіркеу күші жойылған. Алайда ол Қазнетте еркін сатылып жатыр. Интернеттен бұл капсуланы іздеген кезде ол туралы ондаған хабарландыру шығады.

satu.kz сайтынын алынған

Жарнамаға сәйкес, Fatzorb капсулалары "салмақтан арылуға және метаболизмді жеделдетуге" арналған. 

Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Атшабаров атындағы іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институтының директоры Тимур Салиевтің айтуынша, жануарлар мен адамдарға жүргізілген сынақта капсулалар жанама әсерін көрсеткен. 

"Fatzorb құрамында қанықтық сезімін арттыратын анорексиген саналатын сибутрамин бар. Сибутрамин семіздікті емдеу үшін қолданылады және артық салмағы бар науқастарға кешенді қолдау терапиясында пайдаланылады. Препарат тәбетті және тұтынылатын тағам мөлшерін азайтады, дененің жылу өндірісін арттырады. Ал жануарларға жүргізілген тәжірибе сибутраминнің еркек егеуқұйрықтарда аталық бездің қатерсіз ісігінің, ал қояндарда физикалық дамудың ауытқуларының себебі болғанын көрсетті", - деді Тимур Салиев.

Сарапшының айтуынша, адамға жүргізілген зерттеу нәтижелері мұны ұзақ уақыт қолданғанда "гипертониялық науқастарда, сондай-ақ, инфаркт пен инсульт алған адамдарда бірқатар ауыр жанама әсер тудыруы мүмкін" екенін көрсеткен.

"Сондықтан бұл препаратқа әлемнің көптеген елінде тыйым салынған. Сондай-ақ, сибутрамин Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің тыйым салынған дәрілер тізіміне енгізілген", - деді Салиев.