07 сәу, 2023 сағат 16:48

Өзбекстанда тасжолда келе жатқан жүк көлігі аударылып, жарылып кетті


Өзбекстанда лак-бояу өнімдері тиелген жүк көлігі еңіске түсіп келе жатқанда жылдамдығы артып, аударылып, жарылып кетті. Жартылай тіркемедегі өнімдер асфальтқа төгіліп, өртеніп кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Министрлік мәліметінше, оқиға 6 сәуірде күндіз Ташкент-Ош халықаралық тасжолының 259-шақырымында, Камчик асуында болған. Сағат 11:10 шамасында соқтығыс салдарынан жүк көлігі өртеніп, тағы үш көлікті соққан. Оқиға орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желіде тарап кетті.

"Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жасағы жетіп, олар өртті 25 минут ішінде сөндірді. Өртті сөндіру кезінде асудың бір жағы уақытша жабылды", - деп түсіндірді министрлік.

Қозғалыс 12:30-да қалпына келтірілгені атап өтілді.

"Алдын ала мәлімет бойынша, жол-көлік оқиғасы салдарынан 6 адам зардап шекті, олар жақын маңдағы медициналық мекемеге жатқызылды. Өрт толығымен сөндірілгеннен кейін жүргізуші жүк көлігінде қаза тапқаны белгілі болды", - деп толықтырды ведомство өкілдері.