30 сәу, 2020 сағат 13:45

Пандемия бүкіл әлем үшін нағыз сынақ болды - Дариға Назарбаева

Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева пандемия салдарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көпшілікті алаңдатып жүрген бірнеше мәселеге тоқталғым келіп отыр. 

Пандемия бүкіл әлем үшін нағыз сынақ болды. Ол әлемдік экономиканы ешқашан болмаған көлемде қысқартып, мұнай нарығында бағаның төмендеуіне, кәсіпорындар мен тұрғындар шаруашылықтарын аса қиын жағдайға алып келді. Мұның салдары әр адамның өміріне ұзақ уақыт әсер ететіні анық. Бұл жағдайды дұрыс бағалай білуіміз керек. Шығындарды азайту қажет болады. Біздер енді бүгінгі күннің шындығымен жаңаша өмір сүріп жүрміз», - деді Д. Назарбаева Парламент Сенатының жалпы отырысында. 

Осы орайда ол 24 сәуірде Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өткенін, онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлегенін еске салды. 

«27 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәлімдемесі жарияланды. Ел басшылығының негізгі пайымы – дағдарыстан кейінгі кезеңге, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық өмірді төтенше жағдай режимінен шығаруға дайындықты бастау керек. Бұл барлық мемлекеттік органдармен қатар, біздің алдымызға да, құрметті депутаттар, бірқатар міндеттер мен мәселелерді қояды», - деді Сенат төрағасы.