Фото:sport24.ru
Қазір әлем назары Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында екені рас. Спорттағы кіл мықтылар жиналатын дүбірлі доданың аяқталуына да екі-ақ күн қалды. Осы уақытта әр спорт сүйер қауымның өз сүйікті спортшысы, әр спортшының өз жанкүйері қалыптасып үлгерді. Сайыскерлердің арасында ерекше образдары мен харизмасымен, басқа да қызықты сәттермен көзге түсіп, халықтың гүбір-гүбір әңгімесіне арқау болғандары бар.
Қара нәсілді әнші
Париж өз стилінде Олимпиаданың ашылу салтанатын Сена өзенінде романтикаға, сән-салтанатқа толтырып өткізді.
Алайда Франция халқының арасында Париж Олимпиадасының ашылу салтанатында басты жұлдыз болып, ән салған Ая Накамураға қарсылар да аз болған жоқ. Оның түпкілікті француз емес, шығу тегі африкалық қара нәсілді болуы даудың басты себебіне айналды.
Францияны дүние жүзіне өз әндерімен танытып жүрген Накамура бәрібір де Олимпиада төрінде өнер көрсетті.
Фото: Franck Castel/Starface via ZUMA / ТАСС
Жұмыртқа дауы
Олимпиада ойындары бастала салысымен спортшыларға арналған асханадан шу шықты. Британдық спортшылар жұмыртқа жегілері келетінін, бірақ асханада жұмыртқа жоқ екеніне наразы болды. Содан анықтала келе Олимпиада қалашығында біраз азық-түлік жетіспейтіні анықталған.
Әкімшілік спортшылардан кешірім сұрап, олқылықтың орнын толтыруға уәде берді.
Олимпиадаға қатысқан ең жас және ең жасы үлкен спортшылар
Биыл Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының ең жас қатысушысы 11 жастағы қытайлық Чжэн Хаохао болды. Тамызда 12 жасқа толатын жеткіншек скейтборт турнирінен сынға түсіпті.
Чжен жазғы Олимпиада іріктеуінде 51,73 ұпай жинап, 44 қатысушы ішінде 20-орын алған.