28 қыр, 2022 сағат 15:41

Павлодар облысында мас жүргізуші жүк көлігімен тұрғын үйге кіріп кеткен


Павлодар облысында жүк көлігін тізгіндеген мас жүргізуші тұрғын үйге соғылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

27 қыркүйек сағат 13:50 шамасында Shacman жүк көлігінің 45 жастағы жүргізушісі Павлодар облысының Шідерті кентіндегі Жастар көшесіндегі екі қабатты тұрғын үйге соғылған. Тексеру кезінде ол орташа дәрежеде мас болғаны расталған.

"Үйге материалдық шығын келтірілді. Сол уақытта тұрғын үйде ешкім болмаған. Автокөлік жүргізушісі қажетті көмек алу үшін Екібастұз қаласының ауруханасына жеткізілді, себебі дене жарақатын алған. Келтірілген залал мөлшері анықталып жатыр. Көлік Шідерті кентінде жұмыстарды орындайтын мердігер ұйымға тиесілі. Автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды. Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіліп  жатыр", - деді Павлодар облысы Екібастұз қаласы ПБ Патрульдік полиция ротасының командирі Азамат Күркебаев.

Айта кету керек, биыл Павлодар облысының аумағында 318 ЖКО тіркеліп, 50 адам көз жұмған және 501 адам жарақат алған. Ал мас жүргізушілердің кінәсінен жеті ЖКО тіркеліп, салдарынан үш адам мерт болды, 23 адам түрлі жарақат алды.