16 там, 2022 сағат 14:40

Павлодарда зорланған қыз 10 қабатты үйдің терезесінен секіріп кеткен


Павлодарда үш жігіт Жастар үйінің кәмелетке толмаған тәрбиеленушісін зорлаған. Оқиғадан кейін 16 жастағы қыз 10 қабатты үйдің терезесінен секіріп кеткен. Павлодарлық қыз ағаштарға құлап, тірі қалған. Қазір ол ауруханада жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Дина Таңсәрі оқиға туралы Facebook-парақшасында айтып берді. Қоғам белсендісінің айтуынша, оған жәбірленушінің әпкесі көмек сұрап жүгінген, екеуі де жетім.

"Сол күні қыз туған күнді тойлап жатқан топта болған. Кейін өзін жайсыз сезініп, әпкесіне қайтуды ұйғарған. Бірақ қаланы білмей, адасып қалған. Жолда үш жігітті кездестіріп, олардың бірі әпкесінің сыныптасы болып шыққан, ол қызды бірге жүруге көндіріп, такси шақырып, оны әпкесіне жеткізуге уәде берген. Ал, содан кейінгісі қорқынышты түстей болған. Әпкесі оны іздеп қоңырау шалған, бірақ телефонды жігіттер өшіріп қойған. Бойжеткенді алдап пәтерге кіргізіп, зорлаған, ол шыдай алмай, 10 қабатты үйдің терезесінен секіріп кеткен", - деп жазды Таңсәрі.

Оның айтуынша, кәмелетке толмаған қыз ұзақ уақыт жансақтау бөлімінде болған. Қазір ол палатаға ауыстырылған.

"Оның омыртқасы сынған, ішкі ағзалары зақымданған, салдарынан ішкі органдарда қабыну процесі бар, бұл мидағы процестерге әсер етеді - ол көру және есте сақтау қабілетін тез жоғалтады. Қызға төрт ота жасалды, алда тағы жасалады", - дейді қоғам белсендісі.

Павлодар облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі мәліметінше, қазірдің өзінде зорлады деген күдіктілер ұсталған.

"Павлодардағы кәмелетке толмаған қызды зорлау ісі облыстық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Күдіктілер ұсталды. Кәмелетке толмаған баланы зорлау фактісі бойынша ҚР ҚК-ның 120-бабы 3-1-бөлігі "Кәмелетке толмаған адамға қатысты ​​зорлау", 121-бабы 3-1-бөлігі "Кәмелетке толмаған адамға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" және 105-бабы "Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" бойынша соталды тергеп-тексерулер жүргізіліп жатыр. Бірқатар қажетті сараптама тағайындалды", - деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі өкілдері.

Айта кетейік, 120 және 121-баптардың санкциясында белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.