Фото: sauda.e-qazyna.kz
Перизат Қайраттан тәркіленген қара түсті 2024 жылғы Mercedes-Benz S450 көлігі саудаға шығарылды. Астананың Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің хабарлауынша, автокөліктің бағасы – 79 415 000 теңге, деп хабарлайды Ult.kz.
Лот сипаттамасында автокөлікпен бірге Pandora дабылы бар кілт беріледі деп көрсетілген. Алайда аккумуляторы отырып қалғандықтан, көліктің техникалық жағдайын тексеру мүмкін емес. Сонымен қатар, көлікке арест түрінде шектеу қойылған және ол мемлекеттік органдардың теңгеріміне беруге жатпайды. Сауда 2026 жылғы 7 сәуірде өтеді.
Перизат Қайраттан тәркіленген мүліктердің қатарында Vela Village коттедж қалашығындағы жеке үй, Akbulak Riviera, Sensata Plaza, Highvill Ishim Gold, Көк Жайлау тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер мен автотұрақ орындары; сондай-ақ 2024 жылғы Lexus LX 600, 2023 жылғы Mercedes-Benz EQE 500 4matic, 2024 жылғы Haval H6 GT автокөліктері бар.
Сонымен бірге Перизат Қайраттан "Rebel Flowers" ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100% үлесі, 97 миллион теңгеден астам қаражат және 22 мың АҚШ доллары тәркіленді.
Перизат Қайрат – Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі, Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы. 2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі оны 1,5 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлаған еді. Биыл 25 шілдеде Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды, ал анасы 7 жылға сотталды.
