07 ақп, 2020 сағат 18:20

Полиция Қордайдағы жанжалға байланысты тергеу бастағанын хабарлады

Жамбыл облысы полиция департаменті аймақтағы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жанжал болғанын растады.

Қазір департаменттің тергеу басқармасы аймақтағы тұрғындар арасындағы төбелеске байланысты тергеу бастағанын хабарлады. Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" бабы бойынша жүргізіледі.

Департаменттің ақпаратынша, 7 ақпанда Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жанжал шыққан. Орган төбелеске не түрткі болғанын айтпады.

"Полицейлер жанжалды тоқтатты. Жағдай қазір бақылауда" деп мәлімдеді департамент.

Ведомство жанжал шығарғандар мен төбелескендерді анықтап жатқанын хабарлады.

WhatsАpp мессенжерінде "Қордайда түсірілген видеолар" деп тараған кадрларда өртенген ғимарат, жарығы сынған көліктер, полиция көліктері байқалады. Видеоның Қордайда түсірілген-түсірілмегенін анықтау мүмкін болмады.

Жамбыл облыстық полиция департаменті жұртты "тек ресми ақпаратқа сенуге, желіде тараған ақпараттарға сенбеуге шақырып, жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылатынын" ескертті.