23 мау, 2022 сағат 09:02

Польша қазақстандық сериалдың франшизасын сатып алды


Қазақстандық "Патруль" сериалы Польша көрермендеріне жол тартпақ. Бұл туралы туындыны түсірген “BAS production” ұжымының мүшесі, белгілі тележүргізуші, сценарист, фильм идеясының авторы Марат Оралғазин мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

““BAS production” студиясының туындысы - “Патруль” сериалы енді Польшада түсіріле бастады!

Біз жазған сценарий мен форматтың франшизасын Польша елі сатып алды. Түсірілім басталып кетті. Жуырда Польша көрермендері қазақстандық сериалдың адаптациясын көре алады. Қателеспесем, бұл - шетелге франшиза, формат ретінде сатылған алғашқы ТВ өнім!”, – деп жазды Оралғазин желідегі парақшасында.

Сценарист қазақтың туындысы Еуропада бағаланып жатқаны шығармашылық ұжымдар үшін үлкен мотивация екенін атап өтті. 

“Біздің ұжым үшін бұл - үлкен жетістік, әрі мәртебе! Жаңа белес! Бастысы бағыт айқын. Бұл тек бастамасы болсын.

Креативті экономика деген осы ма, ағайын? Қазақтың қолынан бәрі келеді! Өз қолымыздан, ойымыздан шыққан дүние Еуропада бағаланып жатқаны барлығымыз үшін үлкен мотивация. Мүмкін емес ешнәрсе жоқ. Еңбек бәрін жеңбек! Бұл әлемдік индустриядағы Қазақстан экспансиясының бастамасы ғана деп сенейік!”, – деді Марат Оралғазин.