17 ақп, 2022 сағат 21:38

Президент тіл реформасы туралы: Мәселе - латын графикасына жедел түрде көшу емес


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатында латын әліпбиіне көшудің қағидаттарына тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің халқымыз талай «тар жол, тайғақ кешуді», қилы заманды басынан өткерген. Қиындықтың бәрін жеңген. Кешегі қасіретті оқиға кезінде халқымыз бірлігін көрсетті. Осы құндылықты келешек ұрпаққа аманат етуіміз керек. 

Қазақстанның болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Мен бұған кәміл сенемін. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Басқа Отанымыз жоқ. Болмайды да. Еліміздің Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Бұл – аксиома, ақиқат. Оны көздің қарашығындай сақтау – ортақ парызымыз», - деді Президент. 

Сондай-ақ, ол егемендіктің бір белгісі әлемдік үрдіске бейімделе білген біртұтас халыққа айналу екенін жеткізді. 

«Ал, Егемен ел дегеніміз қандай ел? Бұл – әлемдік үдеріске бейімделген біртұтас халық. Дербестігін жалаң сөзбен, немесе ұранмен емес, нақты іспен дәлелдей білген ел. Демек, «Егемендікті сақтап қаламыз ба?» деген күмәнді ой ешкімде болмауы керек. Ол қисынсыз тұжырым, қисынсыз сөз. Керісінше, әрқайсымыз «Тәуелсіздігімізді қалай бекем ұстап қаламыз?» деп ойлануға тиіспіз», - деді деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Оның айтуынша, егемендік нығайту жолында тіл реформасын жасау керек. 

«Тілімізге келсек, оны да сақтап қаламыз. Басқаша болмайды, себебі, тарихымыздағы ең күрделі кезеңдерде тіліміз көзі ашық ағаларымыздың, қарапайым халқымыздың арқасында аман қалды. Дегенмен тіл реформасын жасауымыз керек. Мәселе латын графикасына жедел түрде көшу емес. Бұл мәселеге байыппен қараған жөн. Сараптама жасалуға тиіс. Қисынсыз нәрсенің пайдасы жоқ. Әсіресе тілге келгенде, асығыстық танытуға болмайды. Себебі бұл өте нәзік дүние», - деді Президент.