16 мау, 2022 сағат 15:17

Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық - Президент


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытаудағы Ұлттық құрылтай неге шақыртылғанын түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сол себепті, мен Жолдауымда Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтердім.

Құрылтай шақыру ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген.

Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды.

Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз  Атамекенге шақырылды. Ұлы көш Тәуелсіз Қазақстанға бет алды» - деді Мемлекет басшысы.             

Президенттің айтуынша, қазақ құрылтайларының бәрі ел дамуына зор өзгеріс әкелген.

«Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген нақыл сөз содан қалса керек. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз. Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысын Ұлытауда өткізуге ұйғарым жасалды.  Ұлық ұлыстың бастауында тұрған Жошы хан кесенесінің іргесіне ақ шатыр орнаттық. Мұның зор символдық мәні бар. Елдің бірлігі, ұлттың тұтастығы дегеніміз – осы.

Мен құрылтайға келер алдында тұтас елдің атынан ұлы Жошы ханның рухына құран бағыштап, құрбан шалдым. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы тарихи қадамның киелі жерден басталуы – жақсы ырым. Бәріміз бабалардың аруағы қолдап, ісіміз оңынан болсын деп тілейміз» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев жиын барысында.

Айта кетейік, Президент жанынан құрылған Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы араға ширек ғасыр салып облыс мәртебесін қайта алған Ұлытау өңірінде өтіп жатыр.